Басты Жаңалықтар Президент Алатау қаласының даму барысымен танысты

Президент Алатау қаласының даму барысымен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды. Қазіргі кезде қала ауданы 88 мың гектарға шақталған. Шаһар 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын 4 арнаулы аумаққа бөлінген. Сонымен қатар қаланың негізгі даму аймақтары мен табыс көздері айқындалып жатыр. Магистралды инфрақұрылымды ілгерілету бойынша жол картасы қолға алынған. Басқарудың жаңа моделін қалыптастыратын Конституциялық заң қабылданды. Бүгінде Gate City тұрғын үй алабы жедел өркендеп келеді. Мұнда «Жайлы мектеп» бой көтеріп, жүйе құрайтын ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Оның жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асады. Мемлекет басшысына Iconic Complex жобасы таныстырылды. Бұл Алатаудағы көпфункционалды озық кешен саналады. Қаладағы негізгі нысанның бірі Gate District ауданында бой көтермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алатау сити тұжырымдамасының мақсаты бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды іске қосу, жұртты жұмыспен қамту және заманауи инфрақұрылым салу. Қала төрт ауданға бөлінеді. Бой көтеретін ғимараттардың барлығы халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талапқа сәйкес болуы керек. Қаланы абаттандыруға және жайлы қоғамдық орындар салуға ерекше назар аудару қажет. Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл – конституциялық міндет.

Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ. Қажет болса, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады. Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұмсалуға тиіс, - деді Президент.


Бөлісу