Басты Жаңалықтар Түркістан облысында Қаңлы дәуіріне тиесілі бес қорым анықталды

Түркістан облысында Қаңлы дәуіріне тиесілі бес қорым анықталды

Түркістан облысының Ордабасы ауданында қаңлы дәуірі кезіндегі бес қорым анықталды. Археологтар ондағы мүрделердің жатқан орнын көріп, жерлеудің сирек кездесетін тәсіліне куә болды. Одан бөлек адам сүйектерінің жанында өздері күнделікті тіршілікке қолданған заттары да табылған. Сан ғасыр бойы сақталған жәдігерлер жайында тілшіміз тарқатады.

Төлебай төбе қорымына екі айға жуық қазба жұмыстарын жүргізген археологтар қаңлы заманында жерленген жеті мүрдені ашты. Барлық қорымнан құмыра, саптыаяқ, тұғырлы тостаған табылған. Керамикалық ыдыстардың кейбірі бүп-бүтін сақталған. Археологтар мұны сол дәуірде ыдыс жасаудың жоғары деңгейде болғанын айғақтайды деп отыр.  Обалардың бірінен ересек адам мен сәбидің сүйегі жерленген. Мұндай жерлеу орыны негізінен Күлтөбе, Қылышжар обаларында жиі кездеседі дейді ғалымдар.  Ал тағы бір обаға ер мен әйел адам жерленген. Мүрденің астына астық сақтауға арналған ыдыстың бөліктері төселген.

Гүлмира Стамқұлова, археолог:

Сол қырынан жатқызылған және аяғы бүгілген жерлеу орыны табылып отыр. Бұл осы уақытқа дейін осы Қаңлы жерлеу орындарында алғаш рет кездесіп отыр. Тек бізде жылпы Қазақстандағы  қола кезеңінде адамдарды осылай жерлейтін болған.

Бұдан бөлек қорымнан табылған тастар жерлеу орнының қабырғасын сылауға арналған болып шықты. Сондай-ақ жебе ұштары, белдік доғасы секілді заттар да кездеседі. Мамандар бұған дейін анықталған қорымдарда қышқа қашалып жазылған жазулар болғанын айтады.

Ержан Керімбеков,  ОҚПУ ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры:

Жазу болған жерде үлкен бір дала мәдениеті бар. Біздің ата-бабаларымызда, Қаңлы мемлекетінде бір-бірімен хат алмасу, жалпы өзінің көргенін қағазға түсіру, яғни сол кезде қышқа жазылған әрине, үлкен мәдениеттің көрсеткіші.

Табылған жәдігерлер түгелдей Ордабасы қорық-мұражайына табысталады. Мұражай мамандары мен археологтар соңғы бес жылдан бері бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мәдени нысан сөрелеріндегі жәдігерлер санының көбеюіне үлес қосып келеді. Ал археологтар алдағы уақытта қазба жұмысын Арыс қаласына қарасты Күлтөбе қалашығында жалғастырмақ.


Бөлісу