Басты Жаңалықтар Елде соңғы 3 жылда 164 бала суға кеткен

Елде соңғы 3 жылда 164 бала суға кеткен

Елде соңғы үш жылда 164 бала суға кеткен. Жазатайым оқиғаның дені ата-аналардың баладан көз жазып қалуынан, дейді мамандар. Сондықтан суға шомылу маусымы басталмаса да өңір-өңірдегі төтенше жағдай қызметкерлері қауіптің алдын алу үшін жұмысқа ерте кіріскен. Жағажайлар тексеріліп, арнайы белгілер орнатылып жатыр.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Күн ыстықта суға түсу – жан рақаты! Әсіресе бұл – балалар үшін жайдарлы жаздың басты қызығы! Алайда сол қызықтың соңы кейде қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Бір сәт көзден таса болған бала абайсызда мертіксе, байқамай да қалуыңыз мүмкін. Мұндайда алғашқы 5 минут маңызды. Әйтпесе тым кеш. Өңірде соңғы екі жылда осылай 6 бала суға кетіп, көз жұмды.

Өңірде 25 шомылатын жер бар. Барлығы дерлік қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға тырысады. Алтауында құтқару бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Ал жалпы еліміз бойынша 8 мыңға жуық ірілі-ұсақты өзен-көл болса, оның 200-ден астамы аса қауіпті. Ол аумақтарда ескертетін арнайы тақтайшалар да бар. Десе де жағдайды үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Сондықтан мамандар алдымен ата-аналар сақтықты баланың санасына әбден сіңіріп, құлағына құйып отыру керек дейді.

Жалғасбек Марат, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері:

Күн жылы болғанмен, әлі өзеннің температурасы жылыған жоқ. Өзен әлі де салқын. Тез өзенге секіріп түсуге болмайды, ыстықтан салқынға түскен кезде, сіңірлері тартылып қалуы мүмкін. Түсетін арнайы жағажайлар болмаса, ата-аналар балаларды өзен жағасына жақындатпау керек, балаларды қадағалау керек.

Адам қарасы көп жерде де баладан бір сәт көз жазуға болмайды. Өткен аптада Қостанайда 5 жасар бүлдіршін қаумалаған қалың адам ортасында жүріп, бассейнге батып кеткен. Абырой болғанда су түбінде жатқан оны тұрғындардың бірі байқап, алып шаққан. Медицина колледжінің 2-курс студенті Дияр Рақымжан жедел жәрдем жеткенше демсіз жатқан баланың жүрегіне тоқтаусыз массаж жасап, аман алып қалды.

Дияр Рақымжан, студент:

Алдымен жүрек соғысын тексердім, мүлдем сезілмеді. Бірден алғашқы көмек көрсеттім. Өкпедегі суды шығару үшін 2 рет үрлеп, 30 секундтан 4 цикл массаж жасадым. Баланың аман қалғанын естігенде қуандым, көрешегі бар екен. 

Алайда әркез бұлай қауіптің алдын алу мүмкін бола бермейді. Соңғы үш жылда елде 164 бала суға кетіп, көз жұмды. Қайғылы жағдайдың дені баланы қараусыз қалдырғаннан болған. Сондықтан мамандар әсіресе жазғы демалыста бала қауіпсіздігін қаперден бір сәт шығаруға болмайтынын ескертеді.


Бөлісу