Басты Жаңалықтар «Қазақстан балаларына» тұжырымдамасын іске асыруға 1,3 трлн теңге қарастырылған

«Қазақстан балаларына» тұжырымдамасын іске асыруға 1,3 трлн теңге қарастырылған

Қазір елімізде балаларды қорғауға арналған қазықты құрал «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асып жатыр. Президенттің тапсырмасымен Үкімет бекіткен құжат 2026-2030 жылдарға арналған. Бағдарлама 158 іс-шараны қамтиды, ал оны жүзеге асыруға жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қаржы қарастырылған. Оның аясында  білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекет ең алдымен бала денсаулығына басты назар аударады. Сондықтан, сәби туғанға дейінгі патологиялардың алдын алуға және ерте анықтауға баса ден қойыла бастады. Соңғы бес жылда бұл секторды қаржыландыру 264-тен 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам өсті. Биыл жәрдемақы төлеуге 974 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артық. 

Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:

Қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған 10 заң қабылданды. Балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидаты енгізіліп, қауіпсіздік инфрақұрылымы қалыптастырылды. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмысын күшейту мақсатында барлық 20 өңірде балаларды қорғау басқармалары және психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Биыл балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заң бұзушылықтар үшін тікелей әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Енді буллинг фактілерін елемеу және басқа да олқылықтар үшін мектеп басшылығы мен жауапты тұлғалар заң алдында жауап береді. Биыл 53 мың орынға арналған 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы үш жыл ішінде 1300-ден аса мектепті жаңарту көзделген, оның 820-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. 

Толқын Жолдыбайқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Бұл тұжырымдамаға орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жауапты. Сондықтан біз тоқсан сайын осы тұжырымдаманың әрбір іс-шарасының орындалуы, алдағы жылдарға жоспарланған іс-шаралар болатын болса оларға дайындық, қандай мәселелер қамтитыны, тоқсан сайын негізде мониторнинг жасайтын боламыз.

«Ұлттық қор –балаларға» бағдарлама іске қосылған сәттен бастап 2,3 млрд  доллар бөлінді, оның ішінде кәмелетке толған балалардың шоттарына $238,5 млн-нан астам қаражат аударылды. Бүгінде елімізде шамамен 7 миллион бала бар. Ол жалпы халықтың 34 пайызы. Соңғы 10 жылда бала саны 1,5 миллионға өсуі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының маңыздылығын айқындап тұр.


Бөлісу