Басты Жаңалықтар Балалар арасында өнер сайысы ұйымдастырылды

Балалар арасында өнер сайысы ұйымдастырылды

Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде түрлі байқаулар мен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Балаларға қажетті жаңа нысандар ашылып, пайдалануға берілді. Мәселен, Түркістанда ашылған балалар кітапханасында жеткіншектердің дамуына жан-жақты жағдай жасалған. Ал Абай облысында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында «Үміт оты» республикалық байқауы өтті. Тілші тарқатады.

Үржар ауданында ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер республикалық «Үміт оты» байқауында бақтарын сынады. Оған қатысуға еліміздің барлық өңірлерінен 100-ге тарта бала келді. Тіпті Армениядан келген қонақтар да бар. Іріктеуден өткен қатысушылар вокал, хореография, бейнелеу өнері және аспапта орындау бойынша өзара сайысты.

Жанар Рамазанқызы, арнайы педагог:

Мен ойлаймын мұндай балаларға көмек мұндай байқаулар кәдімгідей жаңа өмірге үлкен қадам.

Ақтөбеде «Желден жүйрік» байқауы өтті

Ал Ақтөбеде 3 және 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды. Оған қатысуға тілек білдіргендер өте көп болды. Сондықтан балалар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінді. Жеңімпаздарға велосипед, самокат пен роликтер берілді. Ал «Өнер орталығына» жиналғандар талантты балдырғандардың өнерін тамашалады. Әсіресе, театрландырылған қойылымдар жұртшылықтың көңілінен шықты.

Кенжебике Айтжанқызы, балабақша тәрбиешісі:

Бұл сүйек театрында балалар өздері кәдімгі малдың сүйектерін жинап, солардан әр түрлі қуыршақтар дайындап, сол дайындаған қуыршақтарымен өздері ертегі құрастырып отыр.

Ақтауда балалар жағажайда сурет салды

Ақтауда балалар арасында сурет байқауы ұйымдастырылды. Облыстық прокуратура мен қала әкімдігі бірлесіп өткізген сайысқа өңірдің барлық аудан-қаласынан 300-дей оқушы қатысты. Олардың арасында ерекше қажеттілігі бар балалар да бар. Шаһардың көрікті жері саналатын «Жартасты соқпақ» алаңында жеткіншектер кенеп матаға және тротуарға Каспий теңізін мекендейтін құстар мен хайуанаттарды бейнеледі.

Түркістанда балалар кітапханасы ашылды

Түркістанда Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының жаңа ғимараты ашылды. 65 жылдық тарихы бар кітапхана бұған дейін Шымкент қаласынан Түркістанға көшірілгенмен, арнайы ғимараты болмаған. Рухани-мәдени орталыққа жаңа ғимарат керектігін «АMANAT» партиясының Түркістан облысындағы депутаттары көтерді. Мәселе оң шешімін тауып, бүгін кітапхана ұжымы жаңа ғимаратқа қоныстанды. Заман талабына сай салынған нысанда балаларға керектігінің барлығы бар.

Дархан Тілләбек, жас оқырман:

Бұл жаңа кітапханада мен тек кітап қана оқымай, жасанды интеллект арқылы өзімнің ойымды, әртүрлі комикстар шығара аламын, яғни фантазиямды іске асыра аламын.

Жаңа кітапханада балалар тек кітап оқып қана қоймай, шығармашылық қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейтеді. Мұнда бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсетіледі. Жас оқырмандарға арналған заманауи оқу залдары мен шығармашылық және зияткерлік алаңдары ашылған.


Бөлісу