Ипотека мен автонесиеге сұраныс төмендеді
Елімізде ипотека мен автонесиеге сұраныс төмендеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында азаматтардың тұрғын үй алу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 21%-ға азайған. Бұрын баспана мен көлік алуға асыққан адамдардың қазір көзқарасы өзгерген бе? Әлде оның экономикалық себеп-салдары бар ма? Ернұр Медет анықтап көрді.
Ел қатарлы өмір сүрем деген жандардың ең бірінші үй алуға талпынатыны рас. Көпшілік үшін баспана - базалық қажеттілік. Сондықтан бір жылдары елде ипотекалық дүмпу болғаны есте. Ал қазір сұраныс әлдеқайда төмендеген. Тұрғындар тәуелді болудан сақтанып, тәуекелге барудан тартына бастаған ба?
Нарықтағы баяулаудың бірнеше себебі бар. Соңғы уақытта банктер пайыздық мөлшерлемені көтерді. Қазір орташа ипотекалық қарыз көлемі 25 миллион теңгеден асады. Мұндай несиені 15-20 жылға рәсімдесе, ай сайынғы төлем 250 мыңға жуықтайды. Ал оның қалтаға салмақ салатыны белгілі. Сонымен қатар экономистер мұны циклдық құбылыс деп бағалап отыр.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Белгілі бір дәрежеде ірі қалаларда, әсіресе үй сатып алуға мүмкіндігі бар азаматтар, сатып алды. Белгілі бір нарық өзінің сұраныс потологына жеткен сияқты. Ұсыныс, әрине, бар, бірақ сұраныс - адамдар бірінші ипотекалық циклді аяқтамай жатып, екінші ипотекалық циклға бара алмайды. Сондықтан олар дәл қазір бірінші ипотекалық циклда. Яғни бір ипотеканы алып алған адамдар көп, оны төлеп күту керек.
Жыл басталғалы алғашқы 3 айда автокредитке өтінім саны да 20 пайызға азайған. Сарапшылардың айтуынша, қазір көпшілік көлік алуға асықпайды. Бірі баға әлі де төмендеуі мүмкін деп күтсе, енді бірі жоғары пайыздық мөлшерлеме мен қымбат ай сайынғы төлемнен қауіптенеді.
Санат Нұрбай, автосарапшы:
Мысалы, былтыр 25 жылғы алған көліктердің бағасы мәселен, 15 млн болса олардың құны қазір 10 млн-ға түсті. Көліктің бағасынан бір ұтылды,банктің пайызы бар. Мысалы,15 млн-ға алған көлікті 25 млн қылып қайтаратынын білді. Халықтың қаржылық сауаты артты. Тиімсіз көлік алып, бұл жылжымайтын мүлік емес қой, жылжиды жыл сайын тозады. Одан кейінгі тағы бір себеп халық біліп отыр, көз алдында осы бір жылдың ішінде көліктің бағалары әлде қайда төмендеп жатыр.
Тұрғындардың пікірі де мамандардың айтқанына саяды. Халық болашағын ойлап, үміт пен күдіктің ортасында.
Бұған қоса, банктердің талаптары да күшейген. Қазір несие бұрынғыдай кез келген адамға оңай беріле бермейді. Төлем қабілеті, ресми табыс пен қарыз жүктемесі мұқият тексеріледі. Сондықтан ипотека бойынша өтінімдердің шамамен төрттен бірі ғана мақұлданады. Ал автонесие алатындардың үлесі бұдан да аз. Шілде де банк шарттары тағы да қатаңдай түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы