Ақтөбе облысында цемент зауытының құрылысы басталды
Ақтөбе облысында цемент зауытының құрылысы басталды. Ауқымды жобаның құны 177 млн АҚШ долларына жуық. Кәсіпорын Президенттің инвестициялар тарту туралы тапсырмасы аясында Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Қазақ инвест» ұлттық компаниясының қолдауымен салынады. Жаңа зауыт Байғанин ауданында бой көтеріп жатыр. Құрылыс кезеңінің өзінде шалғай елді мекендердегі 187 адам жұмыспен қамтылды. Бұл аудан экономикасына, халықтың тұрмыс сапасына оң әсер ететін жоба. Бастысы - өңірдің және еліміздегі құрылыс саласының дамуына серпін береді.
Құманғали Әлжан, Байғанин ауданының тұрғыны:
Ол тек цемент емес, сонымен қатар бетон сияқты неше түрлі құрылыс материалдарын дайындайды екен. Бұл Байғанин үшін жұмысшы күшін тартуға өте жақсы болып тұр. Себебі олардың айтуынша, 300 жұмыс күші тартылады.
Бұл - қытайлық алпауыт корпорацияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық жобасы. Зауыт құрылысына қазақстандық компания да тартылған. Мұнда заманауи технологиялар қолданылып, халықаралық өндірістік стандарттар енгізіледі. Сондай-ақ жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Жалғас Мұсабеков, компания директорының орынбасары:
Байғанин ауданында цемент шығаратын зауыттың ресми ашылуына келіп тұрмыз. Жоба бойынша биыл желтоқсан айында клинкер шығаруды бастаймыз. 2027 жылы шілде айында бірінші цементті береміз деп жоспарлап отырмыз.
Жоба өңірдегі ең ірі индустриялық нысандардың біріне айналуы тиіс. Қазір инженерлік желілер жүргізіліп, өндірістік жабдықтар орналастырылып жатыр. Айта кетелік, жыл басынан бері Байғанин ауданының экономикасына 19 млрд теңге инвестиция тартылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы