ЕАЭО елдеріне ортақ ЖИ зертханалары құрылады
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ индустриялық жасанды интеллект зертханаларын құруды ұсынды. Бүгінде елімізде әлеуметтік салалар жақсы цифрландырылғанымен, өнеркәсіп пен агросекторда деректерді пайдалану деңгейі әлі төмен. Енді жаңа орталық салалық деректермен қауіпсіз алмасып, аймақтың ерекшелігіне бейімделген шағын тілдік модельдерді бірге әзірлеуге мүмкіндік бермек. Форумға қатысқан Ресей Беларусь, Армения және Қырғызстан өкілдері де бастаманы қолдап отыр. Олар ортақ технологиялық стандарттар қалыптастырып, еңбек бөлінісі арқылы шығынды азайтуға болатынын айтты. Сонымен қатар Қазақстан ЕАЭО елдерінің заңдарын біріктіретін ЖИ-көмекші әзірлеуді ұсынды. Мұндай жүйе азаматтар мен бизнеске шекара аралық ережелерді жеңіл түсіндіруге көмектеседі.
Жоғары технологияға қатысты кез келген бастама пайдалы деп ойлаймын. Кеше панельдік талқылауда жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалы туралы айттым. Жақын уақытта ЖИ біздің елдердегі жұмыспен қамтуға үлкен қауіп төндіреді деп ойламаймыз. Сондықтан мұндай зертханалар – болашаққа жасалатын инвестиция. Жасанды интеллект еңбек нарығына тереңірек енген кезде, бұл инфрақұрылым бізге көмектеседі. Ол еңбек өнімділігін арттырып, экономиканың тиімділігін күшейтетіні анық. Сондықтан әлемнен қалып қоймау үшін оған бейімделу маңызды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы