Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 30 млрд долларға жетеді

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 30 млрд долларға жетеді

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Өзара келіссөздер өтіп, құжаттарға қол қойылды. Екі ал арасындағы сауда айналымы жуық арада 30 млрд долларға жетеді. Бұған Президенттер сенімді. Сондай-ақ Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің 7 негізі айқындалды. Онда екі елдің стратегиялық серіктестігі және тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытудың сенімді негізі мен ұзақмерзімді бағдары көрініс тапқан. 

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Әлемде алысып жатқан көрші көп. Ал біз қол алысамыз. 5 саусақтай бір-біріне ұқсамайтын 5 көршіміз бар.  Алыбы осы – Ресей. Бірақ біз көршінің бірі немесе ірі деп бөлмей, бәріне ортақ тілде сөйлейміз. Ол татулықтың тілі - дипломатия. Кеше «Егеменнен» мақала оқыдық. Авторы - Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті. Өзінен бұрын лебізі жетті. Қуатты Қазақстанға ерекше құрметін жазыпты. Сол құрметті бүгін Қазақстан салтанатпен қуаттап, айшықтап жатыр.

Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты. Одан кейін ресми делегация мүшелері таныстырылды. Салтанатты рәсімнен кейін Президенттер шағын құрамда келіссөз өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ең әуелі шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын.

Жалпы, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр. Ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі іске асырылды. Бұл екі ел арасындағы серіктестік пен достықтың айқын көрінісі.

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

Стратегиялық серіктесіміз, біріншіден. Екіншіден, мемлекеттік сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақындығын және маңыздылығын көрсетіп отыр. Қазіргі кезде біздің ең үлкен көршілес мемлекетіміз. Көрші болғаннан кейін тарихи жағынан да біздің байланыстарымыз өте тығыз. Қазіргі кезде де, экономика бойынша да байланыстарымыз солай болуы керек.

Алға қойған жоспар көп. Ол жайлы кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде айтылып, брифингте баяндалды.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала десек, соның бәрінде де Қазақстан мен Ресей арасында байланыс бар. Серіктестікті одан әрі арттырып, күшейту үшін дәл қазір тараптар жаңа келісімдерге келіп, құжатқа қол қойып жатыр.

Ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Бірқатар салада жүйелі жұмыс жоспарланған. Енді Астана мен Мәскеу арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынайды. Энергетика саласындағы серіктестік одан әрі артады. Атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісім жасалды.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы:

Орташа есеппен құрылыс 10 жылды қамтиды. Бірақ серіктестерімізбен келісімге сай біз жеті жылдан кейін алғашқы бетонды құйғаннан соң, бірінші блокты 2034 жылы қоюды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан мен Ресей президенттері Астанадағы «Сириус» мектебінің құрылысын бастап берді. «Сириус» моделі бойынша еліміздің екі қаласында білім беру ошағы құрылады. Астанамен қатар, биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бұл жерде жалпы қазақстандық оқушылар физика, химия, билогия, математика, ғарыш туралы, сонымен қатар өмір туралы ғылымдарды терең зерттеу, зерделеу арқылы осындай жаңа мектеп, жаңа ғылыми парк құрылысы болады. Ол жерде соңғы ғылымдағы тың нәтижелер жүзеге асырылады.

Тараптар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасты. Еуразиядағы қауіпсіздікке да баса назар аударылды. Ресей Президенті бүгінгі келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен ұштастыру. Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша да келісімге қол қойылды. Қазақстанға тұран жолбарысына ұқсас, тұқымдас төрт Амур жолбарысы осы айдың басында Ресейден әкелінді. Енді бұл іс одан әрі қарқын алып, Тұран тұқымын тірілтпесек те, ұқсатып бағамыз.

Жан-жануар мен табиғатты қорғау мәселесі, экология тақырыбы жиында ғана қамтылмай, кейін де іске асты десек те болар. Президенттер Қазақстан мен Ресейдің мәңгі достығы аллеясында емен көшетін екті. Бұл достық пен ынтымақтастық символы. Астанада жаңбыр жаумағалы көп болып еді. Тарихи көшеттерінің топыраққа біткенін күндей-ақ екен.


Бөлісу