Сыр өңірінің музыканттары Люксембургта концерт берді
Сыр өңірінің музыканттары талантымен Еуропалықтарды тамсантты. «Shanyrag Fest»мәдени бастамасы аясында Қызылорда облыстық филармониясының ұжымы Люксембургта өнер көрсетті. Шараны Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен еліміздің Бельгия мен Люксембургтағы елшілігі ұйымдастырды.
Люксембург қаласы ЮНЕСКО-ның «мәдени мұра» тізіміне енген. Германия, Бельгия,
Франциямен шекаралас елдің халқы осы уақытқа дейін талай мәдени шараның куәсі
болған. Бірақ қызылордалық музыканттардың өнерін алғаш тамашалауы. Талғамы
биік көрерменнің көңілінен шығу үшін филармония жанындағы «Ақмешіт» фольклорлық
ансамблі мен «Ай ару»би тобының ұжымы
ерекше бағдарлама әзірлепті.Өнерпаздар көпшілікке Сыр сүлейлерінің толғау термелерін орындап, «Сыр
өңірі-жыр өңірі» екенін дәлелдеді. Қорқыт пен қобыз қазақ үшін егіз ұғым екенін
танытты. Ұлттық фольклордағы ән айтыс, күй тартыстың көркемдігін паш етті.
Ерекше аспаптардың үні, күмбірлеген күй көрерменнің көңілін жаулады.
Фарук Каймакджи, Түркияның Люксембургтағы елшісі:
Екі-үш жыл бұрын «Жібек жолы» раллиі кезінде Қазақстанға сапарлап, елдеріңіздің мәдени байлығын өз көзіммен көріп едім. Бүгін бай мұраның тағы бір куәсі болдым. Концерттен керемет әсер алдым, көп рақмет!
Нэли, Люксембург тұрғыны:
Кеш қатты ұнады. Ұлттық киімдеріңіз, үні ерекше музыка, билер, музыкалық аспаптар бәрі ғажап. Қазақстанға сапарлағандай әсер алдым. Болашақта елдеріңізге барамын енді.
Концертте өнерпаздар сазгер Юбер Жирудың әнін француз тілінде орындап, шетелдіктердің таңдайын қақтырды. Люксембургтағы қазақтар Шәмшінің, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін қосыла шырқап, кештен рухани азық алды.
Нұргүл Тұрсынова, Қазақстан – Люксембург ынтымағы қауымдастығының жетекшісі:
Музыканттар келіп, бізге үлкен өнерлерін алып келді. Өте қуаныштымыз. Өзім Қызылорда, Қазалыдан болғасын Туған жеріме барып келгендей болдым. Керемет болды, рақмет ұйымдастырушыларға.
Әнші, биші, күйші, барлығы бірдей қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғарғы деңгейде насихаттады. Екі сағаттық концертті сілтідей тынып тыңдаған Люксембург жұртшылығы таланттарға тік тұрып қошамет көрсетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы