Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында Ш.Берсиевтің әдісімен тары өсірілуде

Ақтөбе облысында Ш.Берсиевтің әдісімен тары өсірілуде

Ақтөбеде даңқты диқан Шығанақ Берсиевтің әдісімен тары өсіріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы колледжінде өткен ғылыми-тәжірбелік конференция әйгілі рекордшының еңбегіне арналды. Сондай-ақ, өңірдің брендіне айналған дақылдан дайындалған тағамдардың көрмесі де жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.

Шығанақ Берсиев атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің ұжымы биыл бір гектарға жуық жер бөліп, шәкірттеріне тары өсіруді үйретіп жатыр. Дән техникамен емес, қолмен себіледі. Өйткені тарының бұл тұқымы өте аз болғандықтан, ысырап болмауы керек.

Назар Абайқызы, студент:

Болашақта осы тары өсіру алаңында практикада да, осы жақта өнім шығару мақсатында дайындалып жатырмыз. Тарының екі сорты бар. Ойылдың ақ тарысы және Шығанақ атамызға арнап шығарылған «Память о Берсиеве» деген тары сорты бар.
«Ақтөбе – тарының астанасы» деп аталған конференция барысында тарының пайдасы мен оны ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолдану жолдары талқыланды. Сондай-ақ Шығанақ Берсиевтің өмірі мен өнегесін насихаттау жұмыстары жөнінде сөз болды.

Мұхамбетқали Ешмұхан, Ш.Берсиевтің немересі:

Суармалы тары Шығанақтың айналысқаны. Оған су жіберу керек. Су жіберген жерде екібастан арамшөп көп шығады. Сонда арамшөппен арпалысу керек, содан кейін ору керек. Осының бәрі көп шаруа. Сондықтан суарылмай-ақ далаға егетін қызыл тарыны қолданып кетті.
Бірер жыл бұрын колледж ішін әйгілі диқанға арналған мұражай ашылған. Мұнда көптеген жәдігерлер жинақталды. Зерттеушілердің айтуынша, бірнеше жыл бұрын Берсиев өсіріп, әлемдік рекордқа қол жеткізген тары дәндері табылған. Алайда оның нақты сол тұқым екенін ғылыми түрде дәлелдеу мүмкін болмай тұр.

Нұрболат Құлшаров, Ш.Берсиев атындағы а/ш колледжінің оқытушысы:

Атамыздың еккен тарысының түсі бөлек те, бұл тарының түсі бөлек болып шықты да ары қарай ақпарат бере алмады бұл азамат. Облыстық архивке барып қарағанымда екі құжат арасынан 15 шақты тарыны көрдім. Бірақ ондай ақпарат бере алмаймын, именно атаның тарысы деген.

Дегенмен бұл дақыл Ақтөбенің брендіне айналып үлгерді. Бүгінгі көрмеге тарыдан дайындалған тағамдар қойылды. Келушілер әсіресе, шоколадты жент пен тары қосылған торттарға ерекше тамсанды.


Бөлісу