Басты Жаңалықтар Маңғыстау облысында ауызсу тапшылығы болмайды

Маңғыстау облысында ауызсу тапшылығы болмайды

Маңғыстауда биыл жаз мезгілінде ауызсу тапшылығы болмайды. Өйткені өңірде соңғы екі жылда 5 жоба іске асты. Мәселен, Жаңаөзен қаласын ауызсумен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін Кендірлі зауыты іске қосылды. Ал Қарақия ауданында тәулігіне 10 мың текше метр су беретін станция жұмысын бастады. Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр ауызсу өндіретін тұщыту қондырғысы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Ақтаудағы Каспий су тұщыту зауытының қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Бүгінде өңірде су өндіруге қатысты тағы 3 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық Су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы:

Биыл ешқандай тапшылық болмайды. Барлық зауыт жүйелі түрде, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда МАЭК кәсіпорнының аумағында тәулігіне қуаты 24 мың текше метр  құрайтын су тұщыту қондырғыларының құрылысы жүргізілуде. Каспий су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрден 100 мың текше метрге ұлғайту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда.


Бөлісу