Басты Жаңалықтар Транскаспий көлік бағытындағы жүк тасымалы 5 жылда 6 есе артқан

Транскаспий көлік бағытындағы жүк тасымалы 5 жылда 6 есе артқан

Соңғы 5 жылда Транскаспий көлік бағытындағы жүк тасымалы 6 есе артқан. Цифрландырудың арқасында логистика саласындағы жұмыстар жеңілдеп келеді. Бұл туралы бүгін Еуразиялық Экономикалық Форум аясында өтіп жатқан сессия отырысында айтылды. Жиынның басты тақырыптарының бірі де осы. Көлік дәліздерін кеңейту, оларды цифрландыру және ортақ инфрақұрылым қалыптастыру мәселелері талқыланып жатыр. Толығырақ әріптесім Ернұр Медеттен білсек. Ернұр, ірі транзиттік хабқа айналуға әлеуетіміз жеткілікті ме?

Ернұр Медет, тілші:

Әлеуетіміз әрине жеткілікті. Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап жатқан төрт тараптың тоғысқан тұсы. Сондықтан логистикалық хабқа айналуға толық мүмкіндік бар.

Жалпы, Еуразия кеңістігінде бәсеке енді өндіріс көлемімен ғана емес, өнімді жеткізу жылдамдығымен де өлшенбек.

Бүгінгі жиында Транскаспий халықаралық көлік бағытының қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Соңғы бес жылда осы бағытпен тасымалданған жүк көлемі 800 мың тоннадан 4,5 миллион тоннаға дейін өсіп, шамамен 6 есеге артқан. Логистиканы цифрландыру жүк тасымалын жеделдетіп, қағаз құжат айналымын азайтты. Кедендік рәсімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.  Қазір шекарадағы бірқатар процесс автоматтандырылған. Сондай-ақ жүк қозғалысын онлайн бақылау жүйелері енгізіліп жатыр. Жаңа біз панельдік сессиядан соң жауапты маманнан сұхбат алған едік. Соны эфирге берсек.

Жайнар Асылбекова, Көлік министрлігі Көлік саясаты департаментінің басқарма басшысы:
Жалпы, логистиканың ең басты мақсаттары ол жедел жеткізу. Адами ешқандайда бір кедергілер болмауы керек. Әкімшілік кедергілер болмауы керек. Ең бірінші ол бізде уақыт. Уақыт үнемдеу. Бұл цифрлық платформа. Мультимодальдық жүктерді жеделдету үшін. Бұл жердегі бізде жүк әртүрлі портқа келеді. Әртүрлі жолдан өтеді. Сол кезде барлық құжат алмасу процесін бір сервистің бойында, транзиттік декларацияны 30 минут ішінде өту үшін жасалады.

Ернұр Медет, тілші:

Бұл көрсеткіштер Орта дәліздің балама емес, нақты жұмыс істеп тұрған стратегиялық бағытқа айналғанын көрсетеді. Осылайша Қазақстан «Қорғас», Каспий бағытындағы хабтар мен жаңа дәліздер арқылы Еуразиядағы ірі транзиттік орталық ретіндегі позициясын күшейтуге ұмтылып отыр.


Бөлісу