Қазақстан мен Ресей ғалымдарының байланысы нығайып келеді
Батыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындарында Ресей университеттерімен академиялық білім саласындағы байланыс жолға қойылған. Ғалымдар ортақ ғылыми жобалар жасап, еңбектер жазып, тәжірибе алмасуды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Серіктес университеттерде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін бағдарламалар саны да артып келеді.
Іргелі жоғары оқу орнында көрші елмен халықаралық ынтымақтастық 70-тен астам келісім негізінде жүзеге асып отыр. Мәселен, былтыр Ресей театр өнері институтымен өзара серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ал Саратов университетімен әлеуметтік педагогика, биология мамандықтары бойынша қос диплом жобасы қолға алынған. Соңғы үш жылда оқу орнының 100-ден астам студенті мен 30-дан астам оқытушысы көрші елде білімін шыңдаған.
Зарина Серікқалиева, халықаралық қатынастар бөлімінің әдіскері:
2025-2026 оқу жылдарында Батыс Қазақстан университетіне академиялық ұтқырлық аясында Қалмақ мемлекеттік университетінен 5 студент бір семестр бойы оқыған болатын. Ал біздің 13 студент РФ жетекші жоғары оқу орындарында білім алды.
Оралдық оқытушылар ресейлік әріптестерімен жыл сайын «Еуразия қос өзені» халықаралық интеграциялық форумында бас қосады. Бұл жиын Қазақстан мен Ресей ғалымдары арасындағы ғылыми, экономикалық, мәдени-рухани ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Жоғары оқу орны, әсіресе Дубна ядролық физика институмен маман алмасуды жолға қойған.
Жанар Досқазиева, жоғары оқу орнының проректоры:
Гагарин атындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетімен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Робот техникасы, жасанды интеллект, экология саласында бірлескен жобаларымыз бар. Орынбор аграрлық университетімен де етене байланыстамыз. Экономика, құқық бойынша ортақ жобамыз көп.
Білім ордалары енді ғарыш технологиясы, ақпараттық жүйелер, дефектология, сурдопедагогика, логопедия мамандықтары бойынша көрші елмен бірлесе маман даярлауды мақсат етіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы