Басты Жаңалықтар Мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынды

Мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынды

Балалардың жазғы лагері қалай ұйымдастырылады? Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматында өзгеріс бар ма? Жоғары оқу орындарына қанша білім  гранты бөлінеді? Дәл қазір осы сауалдар көптеген ата-ананың көкейінде жүрген мәселе. Бүгін Үкімет отырысында дәл осы мәселелер қаралды. Нақты шешім қандай? Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Енді мектеп түлектерінің дәл осындай шоуға айналған кештері болмайды. Мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында дүркіреп өтпейді. Оған тыйым салынды. Алғаш рет министрлік мұны арнайы бұйрықпен бекітті. Себебі соңғы жылдары түлектер кеші артық шығын, даңғаза, бәсекеге айналып барады. Ал барлық ата-ананың қалтасы мұны көтере бермейтіні анық. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бүгінгі таңда дәл осындай бұйрық болмады. Не себепті? Бәрімізге бітіру кештерінде балаларымызға тең мүмкіндік қарастыру. Даңғаза осындай бітіру кештерін өткізуге байланысты. Енді әрі қарай құзірет, жергілікті атқарушы орган әкімдіктерде және сол ішкі істер органдарында. Олар өздерінің қабылдаған заңнамасы аясында жүзеге асырады.

Жазғы лагерьлерге талап күшейеді

Үкіметте қаралған келесі мәселе – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Енді талапқа сай емес лагерьлерге лицензия берілмейді. Балалардың жазғы лагерінде бұдан былай кез келген адам жұмыс істей алмайды. Ішкі істер министрлігі лагерь қызметкерлерін толықтай тексеруден өткізеді. Сондай-ақ барлық демалыс орталығына полиция инспекторлары бекітілді.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі лагерь қызметшілерін тексеру, полиция қызметкерлерін бекіту, ұйымдастырылған балалар сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік санаттағы және ерекше қажеттілігі бар балаларды жазғы демалыс және сауықтырумен қамтуға басымдық беріледі. Демалыс тегін әрі жайлы болуы тиіс. Мәселен, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 27 700 балаға демалыс ұйымдастыру мәселесі шешілді. Жазғы демалыс лагерьлерімен және сауықтырумен 3,2 млн бала қамтылады. Елімізде 11 мыңнан астам демалыс орталықтары жұмыс істейді. 14 жасқа толған мектеп оқушыларын  жұмыспен қамту мәселесі де күн тәртібінде.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Электрондық еңбек биржасы платформасында өткен жылдан бастап «Менің жазғы каникулым» арнайы бөлімі іске қосылды. Бұл оқушылар үшін 14 жастан бастап платформада тіркеліп, жеке кабинет ашуға, резюмесін орналастыруға және өз бетінше лайықты бос орындар іздеуге мүмкіндік береді.

Жазда қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша турнир өтеді

Жазда бүкіл ел бойынша қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша турнирлер өтеді. Туризм және спорт министрі жарыстар 9-15 жас аралығындағы оқушыларды қамтитынын атап өтті. Әлеуметтік желі мәселесі де басты назарда. Қазақстанда балаларға арналған заңсыз контенті бар 7 мың интернет-ресурс бұғатталды.

ҰБТ: 10 мамырдан 10 шілдеге дейін өтеді

Ал Ұлттық бірыңғай текстілеу форматында өзгеріс жоқ. Тест жылдағы форматқа сәйкес 10 мамырдан 10 шілдеге дейін өтеді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді 239 мың талапкер тапсыруға ниетті. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға нақты тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Кезекті оқу жылы аяқталды. 200 мыңнан астам түлек үшін бұл – өте маңызды есею кезеңі, емтихан тапсырады, Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді, университеттерге түседі. Көпшілігі жазғы демалысқа шығады. Осы жауапты кезеңді тиісті деңгейде әрі қауіпсіз өткізу – барлық мемлекеттік органдар үшін ортақ міндет.

89 457 білім гранты бөлінді

Самал Қабышева, тілші:

90 мыңға жуық білім гранты бөлінді. Оның 75 мыңнан астамы бакалавриатқа, 11 мыңнан астамы магистратураға бөлінген. Демек, мыңдаған жасқа тегін оқу мүмкіндігі бар. Бірақ грант бәріне бірдей емес, елге керек мамандықтарға көбірек беріледі: 60% пайызы инженерлік-техникалық, ауылшаруашылық салаларына бағытталған. Сондай-ақ мұғалім, IT салалары да басты назарда. Мемлекет жол сілтейді, ал дұрыс шешім қабылдап, таңдау жасау жастардың қолында.


Бөлісу