Басты Жаңалықтар Білім саласындағы Қазақстан-Ресей әріптестігі тереңдей түсті

Білім саласындағы Қазақстан-Ресей әріптестігі тереңдей түсті

Қазақстан мен Ресей білім беру саласындағы әріптестікті жандандыруда. 50 ресейлік және 60 отандық жоғары оқу орны өзара әріптестік туралы 1800-ден астам келісімшартқа қол қойған. Көрші ел қазақстандықтар үшін жоғары оқу орындарындағы квота санын да арттырды.

Бүгінде екі елге ортақ 34 ғылыми бағдарлама бар. 32 қос дипломды білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Ресейде қазіргі таңда 400 мың шетелдік студент білім алып жатса, оның 60 мыңы Қазақстаннан.

Аружан Оразбаева, студент:

Мен Ресейдегі оқу орнында грантта оқып жатырмын. Бәсеке жоғары, алайда қазақстандықтарға көптеген бағдарлама қарастырылған. Оқу орнында қазақстандық студенттер клубы жұмыс істейді. Биыл оқуды бітіріп еліме ораламын.

Елімізде 8 ресейлік оқу орнының филиалы ашылған. Омбыда ҚазҰУ филиалы бар. Алдағы уақытта Қазақстанның белді оқу орындарының өкілдіктерін Ресейдің өзге де өңірлерінде ашу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жоғары білім беру саласында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр.

Михаил Данилов, Солтүстік (Арктика) федералды университеті ректорының міндетін атқарушы

Қазақстандық оқу орындары біз үшін басты серіктестеріміз. Педагогика, мәдениет, техникалық мамандықтар бойынша бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Виктория Идрисова, Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясының ректоры:

Әрине біз жылдар бойы Қазақстанмен әріптестікті тоқтатқан емеспіз. Алайда әлеуетіміз үлкен. Мысалы, құқықтану бойынша бірлескен жобалар бар. Сондықтан ынтымақтастықты тереңдете түсу керек деп ойлаймын.

Ресей үкіметінің Қазақстан азаматтарына арналған квотасы 800 грантқа дейін артты. Сондай-ақ іргелес елде үш орыс-қазақ мектебі ашылмақ. Кей аймақтардағы мектептерде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытыла бастады.


Бөлісу