Басты Жаңалықтар Бүгін соңғы қоңырау соғылды

Бүгін соңғы қоңырау соғылды

Биылғы оқу жылы еліміз үшін табысты әрі тарихи сәттерге толы болды. Алғаш рет қазақстандық 3 мың оқушы халықаралық олимпиадаларға қатысып, жартысынан көбі елге жүлдемен оралды. Сондай-ақ Қазақстан педагогтердің еңбегін бағалайтын әлем елдері арасында екінші орынға көтерілді. Бүгін еліміздің барлық білім ошағында соңғы қоңырау соғылып, 4 миллионға жуық оқушы оқу жылын аяқтады. Соның ішінде 215 мыңнан астамы 11-сынып түлектері.

Мектеп ауласы, құшақ толы гүл, қимас сезім, соңғы вальс...

Бүгін еліміздің 215 мыңнан аса мектеп бітіруші түлек үшін ерекше күн. Олар үшін енді жауапты әрі жаңа кезең басталмақ.

Әсемнұр Нұрболатқызы, түлек:

Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдер болып тұр. Болашақта барлығымыз бірге отырып, есімізге алып, тек қана қуанышпен көрісеміз деген  үміттемін.

Мектептердегі соңғы қоңырау биыл да артық шығынсыз, тәртіпке сай оқу жылының қорытынды сабағы форматында өтті. «Білімім-Отаныма!» тақырыбында сынып сағаты ұйымдастырылып, оқушылардың жыл бойғы жетістігі сараланды.

Сондай-ақ бүгін ата-аналар үшін де қимас сәттерге толы күн болды.

Жанар Байтуғанова, қала тұрғыны:

Тәуелсіз елдің тұғырын ұстаған, өз ойын, пікірін еркін айта алатын керемет жастар. Айтады ғой, мен жастарға сенемін деп, мына балаларға қарап, келешекке деген сенімім өте керемет.

Халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдемен оралды

Биыл еліміз үшін оқушылардың халықаралық олимпиадалардан жүлде алу жағынан тарихи жыл болды. Әлемдік білім додаларында бақ сынаған әрбір екінші оқушы елге жеңіспен оралды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі: 

Алғаш рет халықаралық олимпиадаларда 3 мың баламыз қатысып, одан 1900-ге жуық баламыз жүлделі орындар иеленді. Әрбір екінші оқушы халықаралық білім додасында еліміздің көк байрағын биіктен желбіретін, намысын қорғады.

Соңғы 3 жылда елімізе 1200-ге жуық жаңа мектеп бой көтерсе, оның 217-сі келешек мектептері, сол келешек мектептердің 84-і ауылды жерлерде салынды. Педагог кадрлардың заңнамалық статусы нығайтылып, айлық жалақысы көбейтілді. Бүгінгі таңда ауылды жерде жұмыс істегені үшін, біліктілік дәрежесі үшін үстемақылар қарастырылған. Биылдан бастап кей пәндерді тереңдетіп оқытуға мән берілді. Айта кетейік, 9-11 сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 15 маусым аралығында өтеді. Ал аттестат табыстау салтанаты мектеп ғимаратында өткізіледі.


Бөлісу