Басты Жаңалықтар Президент бастамасы: Мәдениет пен өнер өкілдері баспаналы болды

Президент бастамасы: Мәдениет пен өнер өкілдері баспаналы болды

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысының атынан 60 пәтердің кілті табысталды. Салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Сондай-ақ, мәдениет саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградамен марапатталды. Министрдің айтуынша, мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, әсіресе тұрғын үй мәселесін шешу - басты назарда. Өткен жылы Астанада басталған игі бастама биыл Алматыда жалғасын тапты. Аида Балаева барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты көңіл бөліп, шығармашылық қауымға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Бүгін Алматыдағы Достық үйінде ерекше әсерлі сәттерге толы жиын өтті. Қошеметке кенелгендердің бірі сахнада, бірі кітап пен архив арасында, енді бірі театрдың тасасында үнсіз еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлері. Өнер мен руханиятқа өмірін арнаған жандарға Президент атынан құрмет көрсетілді. Премьер-министрдің орынбасары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл марапаттардың ұлттық мәдениетті дамытуға өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға берілген жоғары баға екенін айтты. «Парасат» ордені Райхан Қалиолдина, Сұлтан Бапов, Таңатар Нұралы, Тұрсынжан Шапай, Даража Балапан, Қаракөз Тілеубекова және Мейрамбек Бесбаев секілді өнер майталмандарына табысталды.
Қарагөз Тілеубекова, актриса, әнші:
Әрине, бұл марапттың бер жағынан қуанып жатқанымен, арғы жағында қандай еңбек жатқанын халық та біледі, өзіміз де білеміз. Біреу біліп жатса оған әрқашан қуанымын. Толғанып тұрмын, қуанып тұрмын. Бұл мотивация береді. Әрі қарай жұмыс істеуге, сахнадан түспеуге, қайтадан жаңа қанат бітіп, «екінші дыхание» дейді ғой, соның ашылғанына үлкен рахмет айтамын.
Мейрамбек Бесбаев, әнші, «Музарт» тобының солисі:
Бәріміз жан-жақта болғандықтан, білмедік те, естімедік. Білмеген кезде қызық екен бұл сәт. Мен басқа да өнерпаздар үшін қуаныштымын. Қанша тер төгіп жүрген әріптестеріме, соларға ризамын. Әсіресе, мынау пәтер алып отырғандарға қуанып отырмын.
Сонымен қатар Виталий Гришко «Қазақстанның халық әртісі» атағына ие болса, Мұрат Әбзелбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі республикалық және халықаралық жобалардың эвент-менеджері Ақсұңқар Жарылқасова табысталды.
Ақсұңқар Жарылқасова, Республикалық және халықаралық жобалардың эвент-менеджері:
Мемлекет басшысының, министрдың тарапынан болып жатқан қолдау. Мен сияқты жастарға ары қарай еңбек етуге, әрі қарай шығармашылықпен айналысуға, елдің абыройы үшін қызмет етуге жаңа шыбыт, мотивация. Өте қуаныштымын.
Даража Нәбиқызы, ақын:
Мен үшін күтпеген қуаныш, күтпеген марапат. Жалпы менің ақындығым үшін берген болар, ұлттық әдебиетке қосқан үлесім үшін берген болар. Жалпы енді ұлт тарихын түгендеуде, ұлттық әдебиетті дамытуда қалам ұстаған әрбір қаламгердің борыш деп есептеймін.
Бүгін марапаттан бөлек, талай жанның көптен күткен арманы орындалды. Мемлекет басшысының атынан мәдениет саласының 60 өкіліне пәтер кілті табысталды. Жаңа қоныс иелерінің қатарында театр әртістері, опера әншілері, дирижерлер, режиссерлер, кітапханашылар, музей және архив қызметкерлері, ұстаздар мен мәдени мекемелердің мамандары бар.
Арайлым Сүлейменова, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бақылаушысы:
Маған өте маңызды, 26 жыл театрда істеймін. Енді керемет, қазір айтарға сөзім жоқ. Менде үй жоқ, пәтер жалдап жүрмін. Көп жыл болды. Сол үшін «жаңа пәтер алдың»,- деген кезде мен енді ерекше толқыдым, шынымды айтам. Қазірдің өзінде эмоциямды ұстай алмай тұрмын. Мен алғысымды бірінші Президентке білдіремін.
Еділбек Дүйсенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының аппарат жетекшісі, ақын:
Президенттің мәдениет салсына, мәдениет саласындағы жастарға қолдауы өте жақсы сезіледі. Өйткені, күні кеше ғана ол кісініің мәселен, кітап оқу бойынша зерделі ұлт қалыптастыру бойынша жарлығының өзі де мәдениетке, руханиятқа қалай көңіл бөліп жатқанын көрсетеді деп ойлаймын.
Президент атынан пәтер кілтін алғандардың бірі -Нұрболат Нұрәлиев. Ол 20 жылдан астам уақыт Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында хор әртісі болып еңбек етеді. Көпбалалы әке бұл қуанышты ең алдымен балаларымның несібесі,- дейді.
Нұрболат Нұрәлиев, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының хор әртісі:
Сезім, көңіл-күйді жеткізе алмаймын. Барлығы аяқ асынан болды.Ойламаған жерден. Көпбалалы ата-анамыз. Сондықтан, балаларымның несібесі деп білемін біріншіден. Қасым-Жомарт Кемелұлына мың да бір алғыс. Өйткені, мәдениет саласында жұмыс істейтін тек қана әншілер емес, қаншама жазушылар, кітапханашылар, қаншама мәдениетке қатысы бар адамдарды марапаттап жатыр.
Күтпеген жерден баспаналы болғандардың бірі - Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Анар Әділова. Ол Ақордадағы жиынға кеше тек марапат аламын деп барған. Алайда, оны пәтер кілті күтіп тұрған еді. Бүгін жақындары жаңа қонысқа шашу шашып келді.
Анар Әділова, Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі:
Сол кездегі менің көңіл-күйімді айта алмаймын. Екі қолым дірілдеп, құлағым бітеліп қалды. Не айтарымды білмей қалдым.жан-жағымдағы адамдардан ұялдым, жан-жағымдағы адамдардан басқа бір эмоция көрсетіп қоямын ба деп өз-өзімді әрең ұстадым. Бірақ та Аллаға сансыз шүкір деймін. Президентімізге. Осылай мәдениет қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, осындай үлкен дәрежеде сый, марапаттарын ұсынып жатқанына.
Бүгінде елімізде мәдениет және өнер саласында 60 мыңға жуық адам еңбек етеді. Соңғы бес жылда ел бойынша 150-ден астам мәдениет нысаны ашылды. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Мемлекет басшысының мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Бөлісу