Алматыда мәдениет қызметкерлеріне пәтер сыйлады
Бүгін Алматыда осы салаға еңбегі сіңген өнер адамдарына құрмет көрсетілді. Оларды Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева марапаттап, пәтер кілтін табыстады. Министр мемлекет тарапынан мәдениетті қолдаудың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтіп, осы сала өкілдерінің атынан Мемлекет басшысына алғысын білдірді. Салтанатты жиында алдымен Президент Жарлығымен мәдениет пен өнер саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградаға ие болды. Марапатталғандар қатарында театр және кино актерлері, әншілер, музыканттар, дирижерлер мен хореографтар бар. Сондай-ақ ақын-жазушылар, ғалымдар, педагогтер, продюсерлер мен мәдениет ұйымдарының қызметкерлері де жоғары марапатқа лайық деп танылды. Оларға «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтары берілді. Сондай-ақ «Парасат», «Құрмет» ордендері және «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Одан бөлек, Мемлекет басшысы атынан мәдениет саласының 60 өкіліне пәтер сертификаты берілді.
Мұрат Әбзелбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Мемлекет басшысы, Мәдениет басқармасы мынау өнер қызметкерлеріне қатты көңіл бөліп жатыр ғой, байқасаңыздар. Бұрын мысалы марапат бір рет берсе, қазір екі рет беріп жатыр. Бұл қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнеріне деген құрмет деп білемін.
Арайлым Сүлейменова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалр мен жасөспірімдер театрының бақылаушысы:
Маған өте маңызды, 26 жыл театрда істеймін. Енді керемет, қазір айтарға сөзім жоқ. Менде үй жоқ, пәтер жалдап жүрмін. Көп жыл болды. Сол үшін «жаңа пәтер алдың» деген кезде мен енді ерекше толқыдым, шынымды айтам. Қазірдің өзінде эмоциямды ұстай алмай тұрмын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы