Мәдениет және өнер саласының 32 өкілі марапатталды
Бүгін Астана төрінде ұлттың рухын көтеріп жүрген өнер адамдарына құрмет көрсетілді. Үкімет басшысының орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала өкілдеріне марапаттарды табыстап, кәсіби мерекемен құттықтады. Сала өкілдерінің атынан Мемлекет басшысына отандық мәдениетті дамытуға көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы, ерекше назары мен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.
Бұл — жай ғана марапат емес. Бұл — руханиятқа берілген мемлекеттік баға. Салтанатты жиында мәдениет және өнер саласының 32 өкілі марапатталды. Президент Жарлығымен 17 адам мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың қатарында «Парасат» орденін кеудесіне таққан әнші, композитор Жеңіс Сейдуллаұлы да бар.
Жеңіс Сейдуллаұлы, Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры таққан әнші, композитор:
Барша қазақстандықтарды осы мәдениет және өнер адамдарының күнімен құттықтағым келеді. Сарыарқаның төрінде Мемлекет басшысының қолтаңбасымен Парасат орденін кеудеме таққан кезде менің көкке төбем жетті. Барлық әріптестеріме жұғысты болсын.
Биыл саладағы өзгерістер де аз емес. «Халық әртісі» атағы қайта оралды. «Асыл мұра» сыйлығы енгізілді. Мемлекеттік стипендия көлемі өсті. Музыкалық оқу орындарына жаңа аспаптар алуға қаржы бөлінді. Яғни мемлекет мәдениетті тек сөзбен емес, нақты қолдаумен күшейтіп жатыр. Бүгін Мемлекет басшысы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе беру туралы бастама көтерді. «Ұлттық» мәртебе беру бастамасы – мәдениетті мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдырған нақты шешім.Бұл қадам – өнер иелеріне құрмет қана емес, руханиятты ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтерген саяси ұстаным.Аида Балаева атап өткендей, мемлекет қолдауы мәдениет саласының тұрақты дамуына берік негіз болып отыр.Елде 60 мыңға жуық мәдениет қызметкерінің еңбегі – осы саясаттың тірегі.Соңғы үш жылда 592 өнер қайраткерінің марапатталуы – жүйелі қолдаудың нақты дәлелі. Ал Ақбота Керімбекова секілді өнерпаздардың марапатталуы – мемлекет пен халық бағасының ортақ тоғысқан тұсы.
Ақбота Керімбекова, «Парасат» орденінің иегері:
Менің өнер саласында жүргеніме 30 жылдай болды. Биыл міне, 50-ге де қадам бастық. Кез-келген еңбектің бағасы қадірлегені дұрыс қой. Барша мәдениетте қызмет етіп жатқан әріптестеріме табыс тілеймін, еңбектері еленіп, марапаттан марапатқа жете берсін.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында сала мамандары мәдениет және инновация форумына қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сала мамандары үш күн бойы кәсіби білімдерін шыңдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы