Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған халықаралық қарар қабылданды
Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның қарары қабылданды. Құжатта Алтын Орданың Ұлы даладағы саяси, мәдени және өркениеттік рөліне жаңаша баға беріліп, тарихи мұраны бірлесіп зерттеу қажеттігі жазылған. Сондай-ақ археологиялық ескерткіштерді сақтау, фольклор мен рухани мұраны дәріптеу, халықаралық ғылыми жобаларды күшейту мәселелері де қамтылған. Бүгінде ғалымдар сол дәуірдегі билік құрылымы мен қоғамдық жүйенің қазіргі мемлекеттік институттармен сабақтастығын қайта зерделеп жатыр.
Осы бағыттағы ізденістердің бір парасы Астанада таныстырылды. Ұйымдастырушылар әлемнің әр түкпірінен жиналған сирек қолжазбалар мен тарихи көшірмелер арқылы Алтын Орданың шынайы болмысын көрсетуге тырысқан. Зерттеушілер әсіресе сол кезеңіндегі басқару жүйесіне, қалалардың орналасу реттілігі мен сауда желісіне айрықша назар аударып отыр.
Ақан Оңғарұлы, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры:
Алтын Орда кезінде осы Ертістен Дунайға дейінгі аралықта бір ғана логистикалық хаб пайда болады. Яғни, бір мемлекеттің астында бір ғана сауда жүйесімен, бір ғана жолмен қауіпсіздігі де, басқасы да қамтамасыз етіледі. Ақша айналымы күшейеді. Тура қазіргі барлық мемлекеттердің жасағысы келіп жатқан Еуразиядағы үлкен бір қауымдастыққа сәйкес келе ме? Келеді. Яғни, тарих қайталанады деп отырғаным осы.
Реставратор Татьяна Крупа бірнеше жыл бойы Қазақстан аумағынан табылған тарихи жәдігерлерді зерттеген. Соның ішінде Әулиекөлдегі Балғын ана кесенесінен табылған киім үлгісін біршама уақыт қалпына келтіріп, ғылыми реконструкция жасаған.
Татьяна Ккрупа, эксперт-реставратор:
Алтын Орда тарихын зерттеу арқылы өзінің де тамырымды тереңірек таныдым. Көне киімді қалпына келтіруде біз әр бөлігін микроскоппен зерттедік. Химиялық, физикалық сараптамалар жасадық. Ең қиыны – тарихи шындықтан ауытқымай, ғылыми этиканы сақтау.
Шетелдік мамандардың пікрінше, Алтын Орданың өркениеттік мұрасын терең зерттеу - ұлттық сананы жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Дэвид Мэйнорд, Жазушы:
Алтын Орда тарихын кешенді түрде зерттеу – Еуразия елдерінің шежіресін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мұның жалпы дүниежүзінің тарихында алатын орны ерек. Әсіресе, археологияға, этнографияға тың серпін берері сөзсіз.
Сондықтан отандық археолог ғалымдар да осы бағыттағы іргелі ізденістерді жалғастыра бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы