Қайта жаңғыртылған кәріз-сорғы стансасы іске қосылды
Оралда қайта жаңғыртылған №18 кәріз-сорғы стансасы іске қосылды. Стратегиялық нысан 150 мың тұрғынды тұрақты су бұру жүйесімен қамтамасыз етеді.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі сарқынды суды тасымалдайтын станса 17 жыл бұрын салынған еді. Қала үлкейді, жүктемесі көбейді. Сорғылар істен шығып, апат жиіледі. Су кестемен берілді. Қазір, мінекей, коммуналдық нысан толығымен қайта салынып, пайдалануға берілді. Жоба құны – 2 млрд теңге.
Аян Ілиясов «Батыс су арнасы» ЖШС бас инженері:
Суды өшіріп, насостар жұмыс жасамаған соң, осындай жағдайға душар болдық. Қазір жаңа кәріз-сорғы стансасы іске қосылып, бұрынғы жағдайдың бәрі артта қалды. Жалпы кәріз суларының 30%-ын қаладан тасымалдайтын станса деп айтуға болады.
Бұл – қала бойынша жөнделген алтыншы станса. 2023 жылы 8 су бұру нысанын жаңғырту қолға алынды. Жыл соңына дейін тағы екеуі тапсырылады. Бір ерекшелігі – сарқынды судағы тұрмыстық қалдықтарды тазалайтын құрал-жабдық орнатылған. Үш жыл бұрын су бұру желілерінің тозуы – 63 % болса, биыл бұл көрсеткіш 55 %-ға дейін түседі.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
КНС-ті электр тогымен қамтып тұрған подстанса бар. Одан басқа біз дизель генераторын қойып қойдық. Оның себебі - электр қуатында қандай да бір апаттық жағдай болса, КНС тоқтамайды, өз жұмысын жасай береді. Биыл түбегейлі осы КНС-қа қатысты мәселенің бәрі жойылды деп есептеуге болады. Енді бір 30-40 жылға бұған ешкім алаңдамайтын болады.
Жыл соңына дейін қайта жаңғыртылған барлық нысан тапсырылған соң, 366 мыңнан аса оралдық тұрақты су бұру жүйесімен қамтылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы