Басты Жаңалықтар Қалбатауда спорт пен мәдениет мерекесі өтті

Қалбатауда спорт пен мәдениет мерекесі өтті

Абай облысы Қалбатау ауылында спорт пен мәдениет мерекесі өтті. Осы өңірден шыққан даңқты балуан, Дәулет Тұрлыханов атындағы грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнир ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі, Роза Рымбаева өнер сахнасында жүргеніне 50 жыл толуына орай туған жерлестеріне концерттік бағдарламасын тарту етті.

Қалбатауда туған қазақтың қос мақтанышы – Дәулет Тұрлыханов пен Роза Рымбаева әуелі аудан орталығындағы Даңқ аллеясында өңірден шыққан батырлардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Мәртебелі меймандар саябақта ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына да қатысып, қарағай көшеттерін отырғызды.

Роза Рысбаева, Қазақстанның Халық әртісі:

Туған еліме, жеріме, біздің ауданға ерекше сезіммен, махаббатпен келіп тұрмын. Таза Қазақстанға үлесімізді қосып үшеуміз өз ағаштарымызды отырғыздық. Осы жердің суын ішіп, дәмін жеп өстім. Осы жерден нәр алып.

Аружан Айтқұрман, оқушы:

Осындай бір керемет акцияға Роза апамыз, Дәулет ағамыз сияқты тұлғалардың келіп қатысып жатқаны біз үшін үлкен мәртебе деп санаймыз. Осы Таза Қазақстан акциясының жалғасуына өзіміздің үлесімізді қосамыз.

Түс ауа еліміздің әр облысынан, сондай-ақ Ресей , Қырғыз елі мен Тәжікстаннан келген жас балуандар грек-рим күресінен республикалық ашық турнирде белдесті. Олимпиада ойындарының жүлдегері, Әлем чемпионатының жеңімпазы, Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін балуандар бәсекесі биыл 7 ші рет өткізіліп отыр. Додада  жауырыны жерге тимеген жеңімпаздар түрлі салмақ дәрежесі бойынша марапатталды.

Әділжан Жақсылық, турнир жүлдегері:
Осы жарысқа өте қатты қуандым. Өте көп жүлде берді. Ақшалай да көп сыйлықтар берді. Мен бұл жарысқа бірінші рет емес, үшінші рет қатысып тұрмын. Дәулет ағадай боламын. Олимпиада чемпионы боламын.

Дәулет Тұрлыханов, Мәжіліс депутаты:

Біз де жасөспірім кезімізде осы балалар сияқты кілем үстінде өнер көрсеттік. Бұл тәжірибе көп береді балуандарымызға. Жарыстың көптігі жоқ. Жылына 7-8 осындай жарыстар балуандар үшін керек. Сонда олар тезірек қалыптасып, жоғары деңгейде күреседі.

Ауыл кеші әнге бөленді. Роза Рымбаева туған елінің төрінде ауылдастарына арнайы есептік концертін тарту етті. Сахнадан еліміздің танымал эстрада жұлдыздары да өнер көрсетіп көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.


Бөлісу