Басты Жаңалықтар АҚШ-та Мұхтар Мағауин орталығы ашылды

АҚШ-та Мұхтар Мағауин орталығы ашылды

Америка Құрама Штаттарында Қазақтың ұлы қаламгері, тарихшы Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ ұлттық мәдени-ағарту орталығы ашылды. Заманында заңғар жазушы атанған кемеңгердің  рухына тағзым еткен қауым қайраткерді тұлғаны тағы бір еске алды.

Бұл Мұхтар Мағауин тұрған Силвер-Спрингстегі үй. Соңғы он жылын қаламгер осында өткізген. Жазушының есімін иеленген ұлттық қазақ-мәдени ағарту орталығының таныстырылымы осы киелі шаңырақта өтті.
Құрама Штаттардағы қазақ диаспорасы, сонда білім алып жүрген отандастарымыз әуелі бейіттің басына барды. Қаламгердің басына қойылған тау бейнесіндегі құлыптас жау жүрек түркі жұртының тарихын бейнелесе, ескерткіштегі жыраулар белгісі «Алдаспан» еңбегін меңзейді. Зиярат еткендер кейіннен орталыққа беттеп, Мағауиннің жұмыс бөлмесін көріп шықты.
Едіге Мағауин, М.Мағауиннің ұлы:
Мына қаламұшты өзінің мына қолының қалыңдығына өзі сыртын егеп, өзі дайындап жасайтын. Ішіндегі мына ағашына дейін өзі жонып. Содан кейін ол кісі көркем шығармаларының бәрін осы қаламұшпен, сиямен жазатын.
Қонақтар жазушының өмірінен сыр шертіп, жазбалары мен күнделігін, жеке кітапханасындағы мол мұрағатын қызықтады.
Дархан Нұрмағамбет, Қазақ – Америка қауымдастығының президенті:
90-жылдары осы үкімет бытырап жатқан кезде сол Мұхтар ағамыздың кітабы «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітап біздің қазақтың рухын көтеріп, қазақтың санасын көтеріп, біз өзіміздің қазақ екенімізді біліп, тарихымызды біліп, солай бір қазақтың рухын көтерген. Енді ағамыз он жылдай қасымызда болды. Жақсы-жақсы кітаптарды осы жерде жазды. «Алтын орданы» осы жерде жазды. Аға жатқан жер бізге киелі жер болады.
Алдағы уақытта Мұхтар Мағауиннің жарық көрмеген көне түркі жазуынан тәржімалаған еңбектерін, жары Бақытжамал Мағауинаға жазған хаттарын бөлек топтама етіп жариялау жоспарда бар. Сондай-ақ орталық маңына,  Күлтегін ескерткішінің көшірмесін орнату идеясы бар. Демек бұл қазақ әдебиетінің ғана емес, түркі дүниесінің рухани байланысын дәріптейтін маңызды орынға айналмақ.


Бөлісу