Алматылық шаштараз Меруерт Дәулетова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай елде кең тараған эстафетаны өз кәсібімен байланыстырып, одан әрі жандандырды. Шаштаразға ақынның портреті бар шаш үлгісін жасатқан 6-сынып оқушысы Әлихан Ерболатұлы қазір көпшілік арасында танымал. Әлеуметтік желіде талқыланған оның шаш үлгісі қоғамның қызығушылығын тудырды.
Шаштараздың сөзінше, әлемге танымал тұлғалардың бейнесін келістіріп, шаш үлгісін жасау таңсық дүние емес. Әлемде бар тренд. Бұған дейін ұлттық ою-өрнектерді бейнелеген. Былтыр ол шашқа адамның портретін салуды үйренген. Бірақ Абайдың бейнесін келтіріп шаш қиюға келгенде, жүрексінген. Дегенмен, шебер эстафета туралы естігеннен кейін әлеуметтік желіден ақынның бейнесін салдыруға келісетін адам іздеген. Мұны алматылық жеткіншек Әлиханның анасы қолдаған. Ең қызығы, қазір шаштараздың өнеріне ата-аналар тарапынан сұраныс көбейіпті. «Ақынның өлеңдерін жатқа оқитын балалардың ғана шашын қиямын», - дейді Меруерт.
Меруерт Қайратқызы, шаштараз:
Мен бұл челленджді алғаш рет біздің Президентімізден байқадым. Кейін Димаш Құдайбергеновтен көрдім. Содан кейін осындай ой келді. Неге бұл челенджге қатыспасқа деген. Мен Абай атамыздың өлеңін оқумен тоқталмай, эстафетаны өз өнеріммен байланыстырғым келді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ