Қапшағайдың жағалауында бояулар фестивалі өтті. Ән мен би, қызықты ойындар, шоу бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды. Барлық қатысушыға ұйымдастырушылардың тарапынан бағалы сыйлықтар үлестірілді. Биыл Қапшағайға барып, демалатындар саны күрт артқан. Сондықтан «Туристерді қызықтыру үшін мұндай салтанатты шаралар жиі өткізіліп тұрады», - дейді жергілікті билік өкілдері.
3 мың адамның басын қосқан бояулар фестивалі биыл алғаш рет өтті. Шарада белгілі өнер жұлдыздары ән айтып, би билеп, жиналғандардың көңілін көтерді. Ал жастар бір-біріне бояу шашып, мерекенің көркін қыздырды.
Ләззат Салықова, ұйымдастырушы:
Келушілерге ұнап жатыр. Ең бастысы қонақтардың барлығы би билеп, ән айтып, бір біріне бояу шашып, көңіл көтерді. Қапшағай шағын қала болғаннан кейін, 500-ге жуық адам болады деп ойладық. Бірақ ойлағанымыздан әлдеқайда көп қонақ келді.
Қапшағайда мұндай мерекелік шаралар жиі ұйымдастырылады. Себебі биыл туристердің саны рекордтық межеге жеткен. Мәселен, былтыр мұнда демалуға 3 айда 700 мыңнан астам адам келсе, биыл 900 мыңға жуық отандық және шетелдік турист ат басын бұрған.
Айдын Абдулқасым, Қапшағай қаласы дене шынықтыру және туризм бөлімінің басшысы:
Қалалық жағажай арғы жаққа қарай созылады. Тағы жаңа инвестициялар тартылуы бойынша, жаңа нысандар, туризм нысандары ашылады.
Еркін Алмабекұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
Бала-шағамызды әкелдік. Бәрі жақсы, ойдағыдай.
Қазір Қапшағай жағалауында демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Туристерге демалыс нысандары мен мейрамханалардың ұжымы және құтқарушылар сапалы қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, жылдың төрт мезгілінде де қала маңында туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Сондықтан жергілікті билік болашақта осы аумақтағы тарихи орындарға баратын инфрақұрылымды дамытпақшы.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ
