Басты Жаңалықтар Алматыда «Абай ұлттық мектебінің» жаңа ғимараты ашылды

Алматыда «Абай ұлттық мектебінің» жаңа ғимараты ашылды

Алматыда дарынды балаларға арналған «Абай ұлттық мектебінің» жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Жаңа кампуста заманауи пәндік зертханалар, спорт және акт залдары, кітапхана, шығармашылық шеберханалар мен Абай музейі бар. Қазір мұнда 351 оқушы білім алып, 72 педагог жұмыс істейді. Ресми шараға жиналғандар оқушылардың ғылыми жобалар көрмесін тамашалап, мектеп музейі, дизайн және технология кабинеттері мен керамика шеберханасының жұмысымен де танысты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім сапасын арттыруға назар аударып, бұл жөнінде үнемі айтып келеді. Бұл «Әділетті Қазақстан» қалыптасыру жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаһандану дәуірінде озық білімді игерген елдің болашағы жарқын болады. Сондықтан, Президент тапсырмасымен соңғы жылдарда бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгін ресми ашылып жатқан «Абай ұлттық мектебінің» жаңа деңгейге көтерілуі де сол кешенді жұмыстың нәтижесі.
Тарихы тереңде жатқан бұл мектептің негізі 70 жыл бұрын қаланған. Әу баста, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуға бағытталған білім ордасы, қазір ұлттық статусты иеленген. Ал жаңа нысан тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатының негізінде бұрынғы таудың бөктеріндегі территориясы қайтарылып жатыр. Жалпы Абай мектебіне қатысты тарихи әділеттілік орнап жатыр десек толық негіз бар. Мынау үлкен территория, 900 балаға арналған ғимарат. Сонымен бірге, балалардың интернаты соғылып жатыр. Бұдан бөлек, 3-4 кезекте жүзу бассейні, стенд-лабораториясы соғылатын болады.
«Талдау мектебі» жобасы іске қосылды
Сондай-ақ Алматыда жас сарапшыларды даярлауға арналған «Талдау мектебі. Алматы» жобасы іске қосылды. Жоба мегаполистің тұрақты дамуына арналған жаңа идеялар ұсынатын және деректерге сүйеніп талдау жасай алатын мамандарды қалыптастыруға бағытталған. Сегіз аптаға жоспарланған оқу бағдарламасында қатысушылар урбанистика, цифрлық экономика, экология, туризм және смарт-басқару бағыттары бойынша білім алады. Биыл жобаға 217 адам өтініш беріп, олардың ішінен 65 қатысушы іріктелді.

Бөлісу