Басты Жаңалықтар Түркістан декларациясына қол қойылды

Түркістан декларациясына қол қойылды

Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде ұйымға мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды. Жиында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Уақыт талабы болып отырған жасанды интеллект, цифрлық даму бүгінгі саммиттің негізі тақырыбы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңестің маңызына да тоқталды. Бейресми саммит жайлы Түркістанда жүрген әріптесім Азамат Бейбітұлы тарқатады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

«Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?». Ақын Мағжан қазақты ер түріктің мұрагері деп осылай жырлаған. Иә, бүгін түбі бір түркі елдерінің басшылары сол қара шаңырақта, ата жұртта бас қосып жатыр.

Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді, құран оқылды. Бұл мешіт Өзбекстан Президентінің және бауырлас елдің Түркістан тұрғындары мен тұтас қазақ еліне тартуы.

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне келген президенттерге Мемлекет басшысы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді.

Президент түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның қайта түлеп жатқанын айтты. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Ең бастысы өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді.

Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Өткен жылдың өзінде миллионнан астам турист келді. Біздің 1700-дей тарихи құндылығымыз бар. Экотуризм деген сияқты зиярат туризмі бар. Өте көп адам келеді. Біз алдыңғы жылмен салыстырғанда 18%-ға өстік. Шетелден келіп жатқан туристердің өзі 24%-ға артып отыр.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Бұған дейін Әзербайжанның Габала қаласында өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық инновациялар мен цифрлық мониторинг орталығын құру жөніндегі бастамаларды көтерген еді. Бұл бағыт тұтас ұйым үшін маңызды екенін осы Түркістандағы саммит айқындап тұр. Себебі жиынның негізгі тақырыбы Президенттің бастамаларын қуаттай түсетін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» мәселесі болды. Мемлекет басшысы нақты ұсыныстар білдірді.

Сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электронды құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізу ұсынылды. Астанада дала өркениетін дәріптеуге арналған орталық құрылмақ. Бұл мекеме дала халықтарының тарихы мен мәдениетін кең ауқымда насихаттап, танытады. Сондай-ақ түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастырылып, Түркі өркениеті орталығын құру керектігін айтты Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет.

Былтыр Түркі Мемлекеттері Ұйымы мемлекеттерінің өзара саудасы 12,9 млрд долларға жетіп, тұрақты өсімді және экономикалардың өзара байланысының күшейіп келе жатқанын көрсетті. Ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің жиынтық халқы шамамен 175 млн адам. Жиынтық жалпы ішкі өнім 2,4 трлн доллардан асады. Былтыр сыртқы сауданың жалпы көлемі 1,27 трлн долларға жетті. Орташа экономикалық өсімі 6,86 пайыз болды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.

Айдарбек Әмірбек, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры:

Жасанды интеллект саласында, цифрландыру саласында бұл елдер өзара ынтымақтастықты күшейтіп, ортақ бір кеңестік құратын болса, бұл әрине Ұлы Жібек жолын цифрландыру саясатына, көліктік дәліздердің ортақ цифрлануы арқылы біздің еліміздің сыртқы байланыстарын, әсіресе экономикалық-көліктік дәлізге негізделген байланыстарымызды әртараптандыруға үлкен септігін тигізеді.

Президент қазіргі геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы  екенін атап өтіп,  бауырлас елдердің ауызбіршілігі аса маңызды екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Қорыта айтқанда, тарихы ортақ түбі бір түркі елдерінің болашаққа деген бірлескен жоспарлары аз емес. Сол мүдде жолында күш жұмылдыру – түркілердің ортақ ұстанымы.


Бөлісу