Басты Жаңалықтар «Ерекше» фильмінен түскен қаржы қорға аударылды

«Ерекше» фильмінен түскен қаржы қорға аударылды

Қазақстандық «Ерекше» фильмі көрерменнің жоғары бағасына ие болып, инклюзивті спортқа қоғам назарын аудартты. Картинадан түскен 165 миллион теңге мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған эндаумент-қорға аударылған. «Ерекше» фильмі бочча спорты арқылы ерекше жандардың өмірін, жігері мен арманын көрсетуге бағытталған. Туынды Қазақстанның бочча федерациясының бастамасымен түсіріліп, Kinopark Сиаджрес желісінің қолдауымен прокатқа шыққан. Фильмнен түскен барлық табыс мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қорына жіберілді. Мамандардың айтуынша, жоба қоғамдағы инклюзия мәдениетін дамытуға ықпал еткен.

Назым Жанғазы, Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті:

Кинопарк желісінен бүгінгі таңда 165 млн теңге жиналып, сол ақшаның барлығы Эндаумент-фондқа жіберілді. Қазақстанда ең ауыр мүгедектігі бар азаматтар тек осы бочча спорт түрімен ғана айналыса алады. Бұл федерацияға бүгінгі таңда 5 жыл болды. 5 жылдың ішінде біз Қазақстанның 10 өңірлерінде бармыз. 20 қаланың барлығында тегін осы бочча спортына балаларды үйретеміз.

Қазір Қазақстанның бочча федерациясы 13 өңірдегі 250-ден аса спортшыны біріктіреді. Ал ұлттық құрама сапындағы спортшылар халықаралық жарыстарда 4 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль жеңіп алған. Маусым айында Астанада әлем кубогы кезеңдерінің бірі – Astana 2026 World Boccia Cup турнирі өтеді. Оған 24 елден 90-нан аса параспортшы қатысады деп жоспарланған.


Бөлісу