Басты Жаңалықтар Қазақстан-Түркия: $1,9 млрд келісімі жасалды

Қазақстан-Түркия: $1,9 млрд келісімі жасалды

Бүгін Қазақстан мен Түркияның бизнес форумында 1,9 млрд доллардың келісімі жасалды. 19 құжатқа қол қойылды. Қазақстан енді логистика мен өндірістің жаңа орталығына айналуға қадам басты. Түркияның 1,9 миллиард долларлық келісімі – бұл жаңа зауыттар, жаңа жұмыс орындары және жаңа экономикалық бағыт. Сонымен елімізде қандай жобалар жүзеге асады? Инвесторлар қандай бағытқа қаражат құюға ниетті? Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Түрік компаниясы Ақтөбе әуежайында ірі тасымалдау хаб салуға ниетті. Кәсіпкерлер Транскаспий орта дәлізін дамытуға да инвестиция құймақ. Ақтөбедегі тасымалдау хабы мен Құрықтағы кеме жасау жобасы Қазақстанның Транскаспий дәлізіндегі ықпалын күшейтіп, елді Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпірге айналдыруы мүмкін.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы:

Қазақстан Түркия бизнес форумында 1,9 млрд долллардың келісіміне қол қойылды. Екінші жоба - териаки жобасы. Астана қаласында Ақмола облысында бидайды терең өңдеуге байланысты зауытты салуды бастады. Бұл зауыттың негізгі тауары осы бидайдан шыққан бірнеше тауардың түрлері  Қытай және басқа нарықтарға саудалануға шығады. Одан бөлек жылыжайларды дамыту жобалары бар. Фармацевтикалық компаниясының өнімдері шығарылады. Транскаспий орта дәлізді дамытуға байланысты құрықтағы порт компаниясымен бірлесіп, Түрік компаниясы кемелерді құрастыруға байланысты зауытты да салуды жоспарлап отыр.

Ең маңыздысы – бидайды шикізат күйінде емес, терең өңдеп экспорттау бастамасы. Бұл Қазақстанның «шикізат елі» деген ескі түсініктен арылуға ұмтылғанын көрсетеді. Ал фармацевтика мен жылыжай жобалары азық-түлік пен дәрі-дәрмек қауіпсіздігін күшейтеді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияның бизнес форумның екі ел үшін тиімді әрі мазмұнды болғанын атап өтіп, алқалы жиынды ұйымдастыруға атсалысқан Түркия тарапына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір елімізде түрік капиталы бар 3 800-ге жуық кәсіпорын табысты қызмет етіп жатыр. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Инвестициялық көрсеткішті арттыру үшін өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты тереңдету маңызды. Бүгінгі іс-шара бірлескен кәсіпорындар санын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Бұл ретте Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс деп санаймын.

Түркия Президенті қазақ және түрік кәсіпкерлерінің үлес қосуының арқасында Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынас нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген басшылығымен Қазақстанның экономика саласында жеткен жетістіктерін жіті бақылап отырамыз. 2025 жылы елдің ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға жетіп, жан басына шаққанда 15 мың долларға жақындады. Бүгінде Қазақстанды сыртқы сауда айналымы 145 миллиард долларға жеткен Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел ретінде білеміз. Осы өсімнің нәтижесінде Қазақ елі 2025 жылы түркі әлеміндегі ең ірі сауда-экономикалық серіктесімізге айналды. Әрине, біз мұнымен шектелмейміз. Мақсатымыз – 15 миллиард долларлық межеге жету.

Қазақстан мен Түркия арасындағы 1,9 миллиард долларлық келісім – екі ел байланысының жаңа кезеңге өткенінің белгісі. Бұл жобалар логистика, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен фармацевика салаларын дамытып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.


Бөлісу