Басты Жаңалықтар Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездесті

Дональд Трамп пен Си Цзиньпин кездесті

Қытай астанасы Бейжіңде АҚШ пен Қытай лидерлерінің тарихи кездесуі өтті. Екі сағатқа созылған басқосуда сауда, Ирандағы соғыс, Тайвань мәселелері қозғалған. Ал АҚШ компанияларының жетекшілерімен кездесуде Си Қытай америкалық бизнес үшін ашық болатынын мәлімдеді. Ақ үйдің хабарлауынша, тараптар Иран ядролық қаруды ешқашан иеленбеуі, ал Ормұз бұғазы әрқашан ашық болып қалуы тиіс деген келісімге келген. АҚШ пен Қытай қарсылас емес, әріптес болуы қажет деп мәлімдеген Си Цзиньпин Тайваньға қатысты бұрыс әрекет екі ел арасында шиеленіске әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Си Цзиньпин, Қытай Төрағасы:

Бүгін президент Трамппен Қытай-Америка қарым-қатынастарына, халықаралық және аймақтық жағдайларға қатысты терең пікір алмасу болды. Қытай-Америка байланыстары әлемдегі ең маңызды екіжақты қарым-қатынас екеніне келістік. Бұл байланыстарды тиімді түрде дамытып, нашарлауына жол бермеу қажет. Ынтымақтастық арқылы екі ел де жеңіске жетеді, соғысса, екеуі де зардап шегеді.

Келіссөзден кейін Дональд Трамп Қытай мен АҚШ-ты алда керемет болашақ күтіп тұрғанын мәлімдеді. Си Цзиньпинді ұлы лидер, дос деп атады. Трамп Қытай лидері мен оның жұбайын қыркүйектің 24-де Ақ үйге шақырды. Айта кету керек, АҚШ президенті бастап барған делегация құрамында технологиялық алпауыттардың жетекшілері де болған.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

250 жылдық тарихы бар сауда және құрметке толы қарым-қатынас - екі елге де пайдасын тигізетін болашақтың негізі.  Америка мен Қытай халықтарының ортақ тұстары көп. Еңбекқорлықты құрметтейміз, ерлік пен жетістіктерді бағалаймыз. Отбасымызді, елімізді сүйеміз. Бірлесе бұл құндылықтарды өркендеу, ынтымақтастық, балаларымыздың бақыты мен бейбітшілікте өмір сүруіне пайдалануға мүмкіндігіміз мол.
Бөлісу