Қостанай облысында орман алқабын түлете бастады
Қостанай облысында жұмысшы жастар алапат өрттен зардап шеккен Аманқарай орманын қайта қалпына келтірмек. Allur мен Agromash зауыттарында еңбек ететін автоөнеркәсіп өкілдері топ құрып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 5 мың түп қарағай отырғызды.
Жастар жұмыла қолдарына құрал-саймандарын алып, жұмысқа құлшына кірісті. 350-ден аса ерікті жиналып, «Еңбек
жастары» экологиялық
қозғалысын құрған. Мақсат – орман алқабын қайта түлету.
Сымбат Асқар, ерікті:
Бүгін бір кісідей жұмылып, өзіміз ниеттеніп, осы орманды қалпына келтіру үшін шыққан болатынбыз. Орман жанып жатқан кезде Allur, Agromash зауыттарынан осы арамыздан өртті сөндіруге шыққан еріктілер болды. Қазір енді осы орманды қалпына келтіруге өз күшімізді салып жатырмыз.
Динара Шүкіжанова, Agromash зауытының президенті:
Жастардың көбі осы Әулиекөл ауданынан. Бала кезінен көріп-біліп өскендіктен, бұл жер оларға ыстық. Сондықтан шараны ұйымдастыру өздерінің бастамалары десем болады. Қалың орманды қайта көрмесек те, балаларымыз көреді дейді.
2022 жылы алапат өрт болып, 45 мың гектар алқаптың жартысынан астамы отқа оранды. Оны қалпына келтіру үшін жергілікті шарушылық жылда жасыл желекті өздері өсіріп, көшет отырғызады.
Қалымжан Қазбек, «Семиозер» орман шаруашылығы басшысының орынбасары:
Биыл 440 га, былтыр 360 га, шамамен 700 га сыртында ағаш отырғызылды. Көмек керек қой. Орман бәріміздікі, бүкіл елдікі. Күшін салып, бізге келіп көмектескеніне қуанамыз. Риза боламыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бірреттік акция емес. Мұндай экологиялық акция енді жылда өндіріс өкілдерінің көмегімен өткізіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы