Алматы облысының Кеген ауданында Қалыбек батырға ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Кеген ауданында Қалыбек батырға ескерткіш қойылды

24.07.2019

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы, Кеген ауданындағы Қайқы асуында Қалыбек батырға ескерткіш қойылды. Салтанатты шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай Халық Респубикасы мен елдің әр қиырынан танымал ғалымдар келіп, қатысты.

Белгілі тарихшылардың пікірінше, Елбасы ұсынған бағдарлама ұлттың ұлы мұратын оятты. Сондықтан азаттықты аңсап, қарыс сүйем жер үшін атқа қонған батыр бабалардың атын өшірмей, құрмет көрсетіп, ескерткіш орнату - бүгінгі буынның парызы. Себебі мұндай игі қадам келер ұрпаққа өнеге болмақ. Ауқымды жиында сөз алған зиялы қауым өкілдері батыр рухын ұлықтап, баяндама жасады.

Бүгінде Қалыбек батыр туралы нақты деректер аз. Енді алдағы уақытта баһадүр туралы бірнеше тағылымды кітап жарық көрмек. Ал шара соңында арқалы ақындар жырдан шашу шашып, театр әртістері сахналық қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Қарқара жайлауында бәйге, қыз қуу сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Балуандар боз кілемде белдесті. Елге етене таныс өнерпаздар концерт қойды.

Талғат Байеділов, Кеген ауданының әкімі:

Салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді ұмытпауға бағытталған іс-шаралардың бірі деп ойлаймын. Келешекте ұрпақтарымыз бейбіт өмір сүрсін деген ниетпен осы жерді тастап отыр. Өскелең ұрпаққа осы батырларымызды ұлықтау, тарихымызды түгендеу мақсатында ескерткішін ашып, бүкіл аудан тұрғындарын жинап, үлкен бір шара өткізіп жатырмыз.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу