Туристер туроператор таңдағанда, нені ескеруі қажет?
Жазғы демалыс маусымы қарсаңында Туризм және спорт министрлігі қазақстандықтарға туроператор мен турагент таңдауда сақ болуға кеңес берді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, тур сатып алмас бұрын компанияның заңды жұмыс істейтініне көз жеткізу қажет. Әсіресе, туристік қызмет көрсету туралы келісімшартқа мұқият назар аудару маңызды. Құжатта сапар мерзімі, тур құны, төлем тәртібі мен тараптардың жауапкершілігі нақты көрсетілуі тиіс.
Жайнагүл Жақсылыққызы, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:
Турагенттен турдың сату заңдылығын, туристің құқықтық қорғалуын растайтын құжаттар пакетін сұратып, мұқият тексерген жөн. Ең алдымен, турагент қызметінің басталғаны туралы хабарламаның бар екеніне көз жеткізу қажет. Турагенттік компания мемлекеттік электронды тізілімге енгізілуі тиіс. Бұл оның ресми түрде қызмет көрсететінін растайды.
Министрлік өкілдері төлем жасағаннан кейін міндетті түрде фискалдық чек талап етуге кеңес береді. Сондай-ақ қаражатты менеджерлердің жеке шоттарына аудармаған дұрыс. Ал тур толық рәсімделгеннен кейін туриске ваучер, әуе билеттері, сақтандыру полисі және туркод секілді қажетті барлық құжат берілуі тиіс. Ал тұрғындардың айтуынша, туроператор таңдауда ең алдымен компанияның беделі мен халық арасындағы сенімі маңызды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы