Алакөл туристік аймағын дамытудың бас жоспары дайын
Бірер жылда Алакөлдің Абай облысындағы жағалауы Мысырдың Шарм-эш-Шейхы мен Түріктің Белек курорттық аймақтарынан кем түспейтін болады дейді мамандар. Шипалы көл жағалауын дамытудың бас жоспары дайын. Оған сәйкес демалыс аймағы 300 ден 3 мың гектарға дейін ұлғаяды. Абаттандыру жүргізіліп, теңдесіз заманауи ғимараттар салынбақ. Жұмыс қазірдің өзінде басталып кеткен.
Ерлан Жақыпбеков Астанадан келген білікті маман. Құрылыс, сәулет саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар. Алакөлдің бас жоспарының авторы. Сәулетші әлемнің әр еліндегі танымал туристік орындарды аралап, ерекше жобалармен танысқан. Шипалы көл жағасын дамытуда солардың ең үзліктері қолданылмақ.
Ерлан Жақыпбеков, бас сәулетші:
Шетелдік демалыс орындарынан тәжірибе алып, Шарм-аш-Шейх, Түркияның Белек демалыс орындарын қарадық. Яғни бірінші жағалауда 70 метрден кейін демалыс орындары түседі. Демалыс орындары үлкен-үлкен болады. Әр демалыс аймағының территориясы 8 гектардай болады. Яғни солай үлкен-үлкен болуы керек. Сонда тазалық та сақталып, талаптарға сай болады.
Жоба аясында мұнда 200-ден астам заманауи демалыс үйлерін салу жоспарланған. Жағалау туристердің тынығуына қолайлы етіп абаттандырылмақ. Қазіргідей қара-құрым халық ығы-жығы болмас үшін нысандар көлден 70 метр қашықта салынады. Қызмет көрсету жүйесі ретке келтіріледі. 5 мың адамға арналған әкімшілік ғимарат та бой көтермек.
Мейрам Битбаев, кәсіпкер:
Әрине, жақсы. Осыдан 20 жыл бұрын қандай еді, қазір қандай болды. Бұдан да ары қарай үлкейіп, дамып жатса, неге қуанбасқа?! Неге шетелдегі сияқты болмасқа, Түркия, Еуропадағыларға теңелсе, біздің табиғат, көліміздің шипалы суы жетіп жатыр. Тек істеу керек осы тірлікті.
Көл жағалауында биылғы туристік маусымға да дайындық қарқынды жүріп жатыр. Көп жылдан бері қордаланған қоқыс мәселесі де шешімін тауып, Алакөлден 16 шақырым қашықтықта құрылыс басталды.
Аслан Құсайынов, Мақаншы аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Барлық-Арасан тасжолынан 1 шақырым, Қабанбай ауылынан 7 шақырым жерде 8 гектар қоқыс полигонына орын дайындалып құжаттары рәсімделді. Оны қоршау жұмыстарына облыстық бюджеттен 20 млн қаражат сұратылып қазіргі уақытта жұмыс басталды. Алдыңғы полигонды қоршағаннан соң камераларды орнатып, шлагбаум орнатамыз.
Қазіргі Алакөлдің жаңа бас жоспары толық дайын. Құжатты облыс әкімшілігі пысықтаған соң ауқымды жобалар басталады. Жағалауды кезең-кезеңімен дамыту 15-20 жылға дейін жалғаспақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы