Басты Жаңалықтар Экономикада өңдеу саласының үлесі артып келеді

Экономикада өңдеу саласының үлесі артып келеді

Қазақстан экономикасында өсім байқалады. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі 3,6 пайызға артқан. Сарапшылар мұны құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібіндегі белсенділікпен байланыстырады. Әсіресе шикізаттық емес сектордың үлесі көбейген.

Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегіне сәйкес, қаңтар-сәуір айларында өңдеу өнеркәсібі 9,9 пайызға өскен. Машина жасау саласы 23 пайыздан аса өсім көрсеткен. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндірісі де қарқын алып келеді.

Мұхамед Андаков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Былтыр біз 190 жоба өңдеу өнеркәсібінде іске қосқан болсақ, биылдыққа 200 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Мұның ішінде 1,7 млрд инвестиция. 19 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Қазір 4 айдың қорытындысы бойынша 43 жоба іске қосылып қойды.

Төрт ай ішінде ең жоғары өсім құрылыс, көлік және өңдеу салаларында тіркелген. Сауда және ауыл шаруашылығы секторында да қарқын байқалады. Мамандар мұны ішкі сұраныстың артуымен және өндірістің жандануымен байланыстырады.

Айбар Олжай, сарапшы:

Енді осыны сақтап қалу керек. Саннан көрі сапа маңызды. 10% өскеннен гөрі мұнайдың бағасы, оданша 5% ішкі өндіріспен өңдеу өнеркәсібі есебінен өскен анағұрлым сапалы болады. Біз енді осы өсімнің сапалы жағына ауыстық. Нақты қолымызбен істеп, қолымызбен өңдеп жасаған жұмыстарымыз біздің экономикамызға серпін беріп отыр.

Мамандардың айтуынша, қазіргі экономикалық өсімнің ерекшелігі – шикізаттық емес салалардың белсенді дамуы. Сарапшылар егер өндіріс пен инфрақұрылымға инвестиция көлемі сақталса, жыл соңына дейін экономиканың өсімі жалғасатынан айтады. Ал негізгі міндет – бұл қарқынды халықтың әл-ауқатына нақты әсер ететін деңгейге жеткізу.


Бөлісу