Басты Жаңалықтар Өскеменде ерлік рухы дәріптелді

Өскеменде ерлік рухы дәріптелді

Жеңістің 81 жылдығын ұлықтау шарасынан Өскемен жұрты да шет қалған жоқ. Мерекелік іс-шаралар Жеңіс мемориалдық кешені аумағында ұйымдастырылып, оған соғыс және тыл ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Шара аясында әдеби-музыкалық композициялар қойылып, патриоттық әндер шырқалып, соғыс жылдарындағы ерлік пен елдік рух дәріптелді.

Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен басталды. Майдан даласындағы жауынгерлердің ерлігі, тылдағы халықтың жанқиярлық еңбегі мен ел басына түскен ауыр кезеңнің көріністері әсерлі сахналанып, көрерменді ерекше күйге бөледі. Бұдан кейін жиналған жұрт «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған ардагерлер қатары жыл өткен сайын сиреп келеді. Шығыс Қазақстан облысы өңірінде Жеңістің 81-көктемін 6 соғыс ардагері мен 3 мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алып отыр. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, әлеуметтік көмек пен құрмет үздіксіз көрсетілуде.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Халқымыз «ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп, жеріне қорған болған азаматтарды әрқашан ерекше құрметке бөлеген.
Мерекелік іс-шара «Жеңіс рекорды» атты спорттық-патриоттық акциямен жалғасын тапты. Жеңіс мемориалдық кешені аумағында бір мезетте бірнеше адам білектің күшімен жерден серпілуден жарысқа түсті. Дене шынықтыру шарасының негізгі мақсаты соғыс ардагерлерінің ерлігіне жастардың құрметін көрсету.
Бекарыс Дәуренұлы, акция қатысушысы:
81 жыл тәуелсіз, соғыссыз өмір сүріп жатыр екенбіз. Сол уақытта 29 мың 585 күн өтіпті осы аспанымыздың тыныш болғанына. Соның құрметіне, ерлерімізді, балаларымызды, қала халқын жинап, сол санды таңдап алып, рекорд қоямыз деген ойымыз бар.
Осылайша шараның әр кезеңі тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар ел тарихына деген құрмет пен патриоттық рухты дәріптейтін маңызды сәтке айналды. Шара соңы жергілікті шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.


Бөлісу