Басты Жаңалықтар Бельгияда қымбатшылыққа қарсы шеру болып жатыр

Бельгияда қымбатшылыққа қарсы шеру болып жатыр

Бельгияда билікке қарсы наразылық акциясы толастамай тұр. Қазір ел астанасы Брюссельде жалпыұлттық шеру өтіп жатыр. Халық үкіметтің зейнетақы реформасына, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдіруде. Мәселенің мән-жайын Брюссельден әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, ереуілге кімдер қатысып жатыр?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Ереуілге негізінен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысып жатыр. Мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуеттік сала мамандары, өрт сөндірушілер, әскерилер елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Кәсіподақ ұйымының өкілдері бүгін 100 мыңнан астам адам қатысады деп отыр. «Қымбатшылықтан қажыдық» деп ұрандатқан шерушілер үкіметтің бюджетті қысқартуына, зейнетақы реформасына қарсы. Алдағы аптада Парламент депутаттары зейнетақы туралы жаңа заң жобасына дауыс бермек. «Шикі заңның қабылдануына жол бермейміз» дейді шерушілер. Сұхбатты бірге тыңдайық.

Элизе Буйэ, мұғалім:

Зейнетақымызды қысқартып, өмір бойы еткен еңбегімізді еш қылмақ. Зейнет жасын 67-ге ұзарту сұмдық. Бюджетке ақша жетпесе, байлардан салық ұстасын, бізге тиіспесін.

Ронни Верхаген, дәрігер:
Қазір тұрғындар үшін, дәрігерлер үшін жағдай өте қиын. Науқастарға ауырғаны үшін анықтама қағазын берген дәріәгерлерді жазалап жатыр. Бәрімізді үкімет ауру қып бітті.

Наразылық акциясына әуедиспетчерлер, әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлер де қатысып жатқандықтан, бүгін елдің Шарлеруа әуежайы жұмысын бір күнге тоқтатты. Брюссель әуежайы да рейстердің 60 пайызын кейінге шегерді. Ел бойынша қоғамдық көлік сирек жүріп тұр. Себебі жолаушы тасымалдаумен айналысатын компанияның жүргізушілері де осы жерде. Мектептерде сабақ болмады. Пошта, әкімдіктер, өзге де мемлекеттік мекемелер бүгін жабық. Экономистер, бір күндік ереуілдің экономикаға қыруар шығын әкелгенін айтуда. Шерушілер биліктегілер талап тілектерін ескермесе, наразылық акциясын әрі қарай күшейтеміз деп отыр.


Бөлісу