Сириядан оралған үш әйел қамауға алынды
Австралияда Сириядан оралған 3 әйел Мельбурн әуежайында қамауға алынды. Австралия азаматтығы бар әйелдер ұзақ жылдар бойы «ДАИШ» лагерлерінде тұрған. Олармен бірге Сириядан келген балалары қоғамға бейімделуге арналған орталықтарға жіберіледі. Ал тұтқынға алынғандарға терроризм мен адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыптар тағылуы мүмкін.
ДДСҰ: Хантавирус пандемияға ұласпайды
Жақында Атлант мұхитында круиздік кемеден табылған хантавирус - жаңа пандемия емес. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Оның дерегінше, қауіпті инфекция бес адамнан анықталған. Тағы үш жолаушы қайтыс болғаны мәлім болды. Хантавирус әдетте кеміргіштерден тарайды. Алайда бұл жолы оның адамнан адамға жұғатыны алғаш рет расталып отыр.
Toyota кірісі 20 пайызға төмендемек
Биыл «Тойота» компаниясының кірісі 20 пайызға қысқаруы мүмкін. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленістің тікелей әсері бар. Ирандағы соғыс компания өнімдерін тасымалдауға, осыған қатысты шығындардың ұлғаюына ықпал етіп отыр. Компанияның болжамдағы операциялық табысы биыл – 19 млрд доллар. Ал былтыр бұл көрсеткіш бұдан да көп болған. Сонымен бірге америкалық тарифтердің өсуі де «Тойотаның» кірісін азайтты.
Беларусь атлеттеріне рұқсат берілді
Халықаралық олимпиада комитеті Беларусь спортшыларына жарыстарға қатысуға қойылған шектеуді алып тастады. Спортшыларға Олимпиада ойындарына қатысуға 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тыйым салынған еді. Халықаралық Олимпиада комитеті атлеттердің халықаралық жарыстарға қатысуына үкіметтердің әрекеттері ықпал етпеуі тиіс деп мәлімдеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы