Басты Жаңалықтар Саяси шешім қабылдау жүйесі түбегейлі өзгереді

Саяси шешім қабылдау жүйесі түбегейлі өзгереді

Қазақстан Үкіметі отставкаға кетеді. Себебі жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Заңға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланатын Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлім болды. Ел билігінде қандай өзгерістер күтіп тұрғанын Самал Қабышева тарқатып айтады. 

Қазақстан екі палаталы Парламенттен ресми түрде бас тартып, бір палаталы Құрылтай жүйесіне өтпек. Яғни Сенат пен Мәжілістің орнына 145 депутаттан тұратын біртұтас саяси орган келеді. «Парламент» атауы «Құрылтай» болып өзгереді. Депутаттар партиялық тізім бойынша 5 жылға сайланады. Халық депутатқа емес, партияға дауыс береді.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Құрылтай тек заң шығарушы орган ғана емес, өкілетті орган болып табылады. Ол бүкіл Қазақстан халқының атынан сөйлей алатын мемлекеттік орган. Бұл заманның талабына сай. Азаматтарымыз бізден тек заң шығаруды емес, белгілі бір проблемаларға, жаңа трендтерге назар аударуымызды талап етіп отырады. Сондықтан осы форматтың келуі және оның дұрыс қабылдануы менің ойымша заманның талабы болып есептеледі.

Бүгінгі Парламенттің бірлескен отырысында Құрылтай мен депутаттардың мәртебесіне және сайлау жүйесіне қатысты осы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Біріншіден ашықтық. Бүкіл кандидаттарға тең жағдай жасау.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Онлайн платформалар, біз БАҚ-қа теңестіріп қарап жатырмыз. Сол онлайн платформалардың алаңдарын пайдаланғанда ұйымдастырушылар, барлық қатысушыға тең жағдай қалыптастыру. Егер бір кандидатты шақырып, оның үгіт-насихат жұмысын, бағдарламасын танысып, жариялауға мүмкіндік берген болсаңыз, оның қарсы тарапын да шақыруға міндеттісіз. Ол келмей қоюы екінші сұрақ. 

Егер кандидат белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол сол партияның ресми интернет-ресурстарын және әлеуметтік желідегі аккаунттарын қосымша келісім шартсыз пайдалана алады. Яғни кандидат партиялық платформаларда үгіт-насихат материалдарын жариялауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржы тартуға тыйым салынды.

Самал Қабышева, тілші:

1 шілдеден бастап Құрылтай туралы заң күшіне енсе, ел басқару жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болады. Сайлаудан кейін Үкіметтің өкілеттілігі тоқтап, билік құрамы жаңадан жасақталуы мүмкін. Ең негізгі өзгеріс – шешім қабылдау тізбегінің қысқаруы. Бұрын заңдар мен маңызды шешімдер бірнеше деңгейлі келісу, талқылау және бекіту сатыларынан өтетін. Енді сол көпсатылы жүйе ықшамдалып, негізгі жауапкершілік Құрылтай мен жаңадан қалыптасатын саяси институттарға жүктеледі.


Бөлісу