Жел электр станциясының құрылысы басталады
Оралда қуаты 50 МегаВатт болатын жел электр станциясы іске қосылмақ. Аймақтағы тұңғыш ауқымды жоба аясында құрылыс аумағына уақыт капсуласы салынды.
Бірегей жобада 6 жел электр стансасы салынады. Әр мұнараның биіктігі - 100 метр. Ал бір қалақайының ұзындығы - 50 метр. Қазір қала іргесіндегі 139 гектар аумаққа жел қуатын өлшейтін қондырғы орнатылған. Құрылыс осы айда басталады. Инвестиция көлемі - 21 млрд теңге.
Гао Венке, «Green Energy Industrial Company Central Asia» ЖШС директоры:
Біз Қытайда жаңартылған энергияны көп өндіреміз. Біріншіден, ол ауаны ластамайды. Екіншіден, ұзақ уақыт қуат береді. Мәселен, мына жел электр стансасының 20 жылдық кепілдігі бар. Үшіншіден, бұл жоба – Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жарқын көрінісі деп білеміз.
Соңғы үш жылда энергетика саласына 44 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа 7 мың шақырымға жуық электр желісі жаңғыртылып, 35 қосалқы станция жөнделіпті. Нәтижесінде жарықпен қамту жабдығының тозуы 82 %-дан 75 %-ға дейін төмендеген.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
Екі ауданымыз - Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандары Ресейге тәуелдіміз электр қуаты жағынан. Қазір 5 МегаВаттық, шетелдік компанияның өзінің қаражатына, бір тиын бюджеттен қаржы шығармай, Өнегенің тұсына электр стансасын салып жатырмыз. Құрылысы басталады. Ал жаңартылған энергия көздерін, Президент тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін 50 пайызға жеткізуіміз керек. Бүгін біз осыны қолға алып жатырмыз.
Жел электр стансасы келер жылдың жазында іске қосылмақ. Құрылыс кезінде 50 адам, ал тұрақты түрде 5 адам еңбек етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы