Басты Жаңалықтар Президент әскерилер мен күштік құрылым қызметкерлеріне мемлекеттік марапат пен шен тапсырды

Президент әскерилер мен күштік құрылым қызметкерлеріне мемлекеттік марапат пен шен тапсырды

Қарулы күштер мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалау керек. Бүгін Мемлекет басшысы - Қазақстан қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы мерекесі қарсаңында өткен салтанатты рәсімде осылай деді. Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттілігін айтты. Әрі мұндай маңызы зор стратегиялық міндетті екі жыл ішінде орындауды тапсырды. Мерекелік басқосуда Президент Отан қорғаушы және Жеңіс күнімен құттықтап, бірқатарына жоғары дәрежелі марапат табыстады.

1992 жыл. 7 мамыр. Қазақстанның қарулы күштері құрылды. Араға жылдар салып, айтулы күн әскерилердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Сондықтан мамырдың алғашқы аптасы - қарулы күштер мен күштік құрылым мамандары үшін дәстүрлі мейрам. Бүгін сала үздіктері Ақордада бас қосты.

Ұлты үшін ұлан-ғайыр жерін қорғап, ұрпағына аманат еткен батыр бабалардың ерлігі қашан да үлгі. Бүгінде айбынды армия сол ауыр аманатты арқалап, елдің тыныштығын, жер тұтастығын күзетеді. Күштік құрылым заңның үстемдігін, қоғамның тәртібін қалтқысыз қадағалайды. Құтқарушылар халықты қауіп-қатерден қорғайды. Сондықтан олардың есіл еңбегі ерлікпен пара-пар. Президент әңгіменің әлқиссасын осы сөзден бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз.

Конституция - мемлекеттігіміз бен егемендігіміздің мызғымас кепілі. Президент Тәуелсіздікті қорғаудан бастап азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халқымыздың әл-ауқатын арттырудағы атазаңның маңызына тоқталды. Бүгінде жауынгерлердің бірқатары халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де өз үлесін қосып келеді. Қазақстан – ТМД елдері ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімін білдірсе керек. Сарбаздарымыз жаһандық жарыстарда да топ жарды. Оған дәлел Дубайда өткен ауқымды халықаралық дода. Қазақстандық бес командасы қатысып, жүлдемен оралды. Ондай жастарға қолдау күшейе бермек. Жалпы, сала мамандарына көрсетілетін әлеуметтік жеңілдік тоқтамайды. Президент әскери білімнің сапасын арттыруға көбірек көңіл бөлінетінін айтты. Үздік білім алғандарға бірден «аға лейтенант» дәрежесі беру мәселесі қазір Парламентте қаралып жатыр. Мемлекет басшысы қарулы күш пен әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек деп отыр. Өйткені қазір қамсыз отыратын кез емес.

Қарулы күштерді реформалау керек

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет

Президент үздік қызметкерлерге мемлекеттік марапат пен әскери шен тапсырды

Ел игілігі жолында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлер де аз емес. Олардың батылдығы ұмытылмайды, ұлықталады. Сондықтан есімдерін көшелер мен түрлі мекемелерге беру үрдісі жалғаса беруі тиіс, -деді Мемлекет басшысы. Ал тарихқа шегінсек, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалған. Президент солардың бірі, отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдангерлердің рухын көтерген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Георгий Жуков және басқа да мықты қолбасшылар, сондай-ақ жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журналистер де жазды.

Бірақ сол тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан Президент жарлығымен марқұм Кенжебай Мәденовке Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ордені ұрпағына табысталды. Одан бөлек, бірқатар қызметкерге мемлекеттік марапат пен әскери шен табыстады.

Руслан Өмірбекұлы, Өскемен қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

Біз ішкі істер органдарының қызметкерлері заң мен тәртіпті сақтауда мемлекет пен халық алдындағы борышымызды сезінеміз. Бүгінгі марапат сенім ғана емес, бізге деген үлкен жауапкершілік. Отан қорғаушылар күні құтты болсын.

Марғұлан Аманбаев, Қарағанды облысы төтенше жағдай департаментінің бастығы:

Генерал майор шенін алып отырмын. Әрине оған қуаныштымын. Қысты күні далада адасып қалған боран болсын, құтқару жұмыстары, көктемде су тасқынымен үлкен жұмыстар атқарылады, жазда далалық өрттердің жануы басталады, Күзде от жағу басталады. 4 мезгілде біздің қызметкерлер сақадай сай тұрады.

Ерік Рахымжанов, ҚР Қорғаныс министрлігі 97616 әскери бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары:

Біздің еңбегімізді осылай бағалап, үлкен мәртебе көрсеткендеріңізге рахмет. Болашақта өзіміздің қызметімізді осыдан да жақсы атқарамыз деген сенімдемін.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Әлемдегі геосаяси ахуал күрделі. Алмағайып кезеңде бейбітшіліктің қадірі арта түсетіні анық. Сондықтан ел тұтастығы мен тыныштығын күндіз-түні күзеткен мамандардың мәртебесі қашан да биік болуы тиіс.


Бөлісу