Басты Жаңалықтар Президент: Қарулы күштер мен әскери мекемелерді реформалау керек

Президент: Қарулы күштер мен әскери мекемелерді реформалау керек

Қарулы күштер мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалау керек. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар және Жеңіс мерекесі қарсаңында өткен салтанатты рәсімде осылай деді. Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беру қажеттігіне тоқталды. Әрі, мұндай маңызы зор стратегиялық міндетті екі жыл ішінде орындауды тапсырды. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс екенін айтты. Мерекелік бас қосуда Президент сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатарына жоғары дәрежелі марапат табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз.


Бөлісу