Атырау облысында 500 орындық стадионның құрылысы аяқталмай тұр
Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы 500 орындық стадионның құрылысы 4 жылдан бері бітер емес. Құны 1 млрд теңгеге жуықтайтын жоба әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Нысанның ұзаққа созылуына мердігер мекеменің жұмысты уақытылы орындамауы себеп,- дейді жауаптылар. Облыс орталығындағы «Мұнайшы» стадионы да әбден тозып, жөндеуге жабылған еді. Салдарынан жергілікті құрама өз ойындарын сырт алаңда өткізуге мәжбүр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Дәл осылай өзінің сүйікті командасына жанкүйер боп отыр әрбір құрманғазылықтың арманы. Бірақ өкінішке орай әзірге орындалмайтын секілді. Өйткені мынау тұрған орталық стадионның қайта жаңғырту жұмыстары 4 жылдан бері бітер емес. Тіпті құрылыстың ұзаққа созылғанынан дайын тұрған бөліктерінің өзі тоза бастаған.
Қазір стадион аумағы қараусыз қалған. Осыдан 3 жыл бұрын халық игілігіне берілуі тиіс нысан қаңырап бос тұр. Нақты қашан ашылатыны әзірге белгісіз.
Бұл аудан намысын облыстық, республикалық додаларда қорғап жүрген «РТС» командасы. Үлкен стадионның жоқтығынан кешкі уақытта осылай ауыл арасындағы ойын алаңдарында жаттығуға мәжбүр.
Ерқанат Мұстахимов, РТС ауылының тұрғыны:
Командалардың барлығы кіші поляға ойнап үйреніп қалған. Үлкен стадиондағы ойындарға шыққан кезде дайындықсыз шығады. Сондықтан үлкен стадионымыз болса ауылдың жастары, спорт командалары дайындалып, үлкен жетістіктер көрсетеді деген ойдамын.
Әкімдік құрылысты құлдыратқан мердігерді «жосықсыз» деп тану үшін сотқа берген. Сол арқылы 2024 жылы 9 млн-ға жуық қаражат тұрақсыздық айыппұлы ретінде өндірілген.
Ринат Нұғыманов, аудандық Құрылыс бөлімі басшысының
міндетін атқарушы:
Қазір 200 млн-ға жуық қаржысы қалып тұр. Сол қаржыға конкурс беретін боламыз. Қазіргі таңда 75-80 пайызы аяқталып тұр. Мердігер анықталған бойда жұмыстарды жалғастыратын боламыз.
Бұдан бөлек, Атыраудағы орталық «Мұнайшы» стадионының да
жағдайы мәз емес. Әбден тозған алаң жөндеуге жабылып, салдарынан «Атырау»
футбол клубы ойындарын басқа қалаларда өткізуге мәжбүр. Бұл жанкүйерлер үшін
де, команданың өзіне де қолайсыздық тудырып отыр. Ал жөндеу қашан басталып,
нақты қашан аяқталатыны әзірге беймәлім. Белгілісі жоба құны 10.9 млрд теңгені
құрайды. Жаңа газон төселіп, айналасы толық жаңғыртылады,- дейді
басқармадағылар.
Ернар Қадырбай, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:
Батыс, Солтүстік және Шығыс трибуналарын толықтай ауыстыру қарастырылған. Сонымен қатар үстел теннисі, бокс, таэквандо залдары және операторлар, вип қонақтарға арналған аймақтармен қамтылатын болады. сонымен қоса сыртқы инженерлік желілерін тарту жобалары да қарастырылған.
Өңірде футбол бар, бірақ футбол ойнайтын дайын алаң жоқ. Соның салдарынан жанкүйер стадионға жете алмай, команда өз алаңында ойнай алмай жүр. Спортты дамыту үшін алдымен стадионды аяқтау керек емес пе? Әзірге жауаптан гөрі сұрақ көп.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы