Айдыны шалқар Алакөлде от ауызды, орақ тілді ақындар айтысты. Үйрек ұшып, қаз қонған көлдің Үржар жағында көпшілік аламан айтыс тыңдап, айызын қандырды. Себебі ұйымдастырушылар жергілікті жұрттың ұлттық өнерге сусаған шөлін қандырып, төл өнер арқылы ішкі туризмді ілгерілетуді мақсат еткен.
Жоңғар қақпасындағы қазақтың жауһары - Алакөл бұл. Арқалы айтыс ақындарының ауызынан шыққан, Ебіден соққан желдей ескен әр сөздің қадірін ұғып, құлағын түрген Алакөлдік ағайын арқаланып отырды. Тарихтың қойнауынан сыр тартып, қазіргі қасиетті көлдің кереметін айтып, кеңінен көсілді. Антальяны аңсап, ел асқанша, айбыны асқан Алакөлдің тылсым сырын ұғуға шақырды.
Серік Қалиев, ақын, ұйымдастырушы:
Жаз шықса болды біздің жерлестеріміз шетелге ағылып жатады. Қазақта сөз бар. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген. Алакөл суының қасиетіне, батпағының қасиетіне ештеңе жетпейді. Сондықтан да біз отандық туризмді дамытайық.
Әдеттегідей, кең сарайдың төрінде емес, жағажайда өткен айтыс жұртшылықтың көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады. Себебі Жарбұлақ ауылының жағасында демалушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Атқарушы билік туристерді тарту үшін 328 нысан салған. 175-і демалыс үйі. Кәсіпкерлер үшін кедергі жоқ. Бизнесмендер жергілікті бюджеттің бүйірін толтырып отыр.
Нұрбигүл Жақманова, Үржар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 33 млн 100 мың түсіріп отырмыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда 115 пайызға өсім бар.
Үржарлықтар үшін айтысты тарту еткен «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» өкілдері Жастар жылына орай осы өңірден шыққан таланттарға да қолдау көрсетті. Жоғары оқу орындарында оқитын 1 студент пен 4 магистрантқа шәкіртақы берді. Осылайша төл өнерге сусындап, рухани жаңғырған жұрт бір жасап қалды.
Алмат ӘБДІРАМАН