Басты Жаңалықтар Халықаралық технологиялық әріптестік күшейді

Халықаралық технологиялық әріптестік күшейді

Алматы небәрі екі күннің ішінде жаһандық технологиялық орталыққа айналды. Бүгін – GITEX AI Kazakhstan 2026 форумының екінші күні. Мұнда тек IT емес, қаржы саласындағы жаңа технологиялар да таныстырылып, жаңа серіктестер табылды.

Мәселен форум аясында ірі «Kazakhstan Data Center Valley» жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Цифрлық даму министрлігі, Қазақтелеком және БАӘ-нің Presight компаниясы қатысуда. Жоба аясында Екібастұзда қуатты деректерді өңдеу орталықтары салынып, Қазақстанды өңірлік жасанды интеллект хабына айналдыру көзделіп отыр. Бұл бастама елге ірі ІТ компанияларды тартуға, цифрлық қызметтерді дамытуға және ЖИ технологияларын экономикаға кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Astana Hub Түркия компанияларымен меморандумға отырды. Енді тараптар бірге стартаптарды қолдап, жаңа жобаларды іске қосып, оларды дамытуға және шетелдік нарықтарға шығаруға жұмыс істейді. Бұл елдер арасындағы технологиялық байланысты күшейтеді.

Інжу Балтабекқызы, Astana Hub өкілі:

Астана хаб алаңында 2 мыңнан астам қатысушы бар. Олар 500-ден астамы шетелдік қатысумен. Түркиямен жасалған келісім аясында біз Түркия мен Қазақстанның старт-аптарына ортақ бағдарламаларды ашып, олардың дамуын жеделтеу үшін күш біріктіреміз. Тағы бір маңызды келісімге тоқталып өтсем, ол Zipl AI Әзірбайжан компаниясымен жасалды. Бұл компания өз өнімінде жасанды интеллектіні пайдаланады. Астана хабпен жасалған келісім аясында біз стартаптарға скорингті жеделдетеміз.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның технологиялық экожүйесі соңғы 7 жылда 18 есе өсіп, 26 миллиард долларға жеткен. Форумға активтері 200 миллиард доллардан асатын 100-ден астам инвестор келген.  Көптің назарына AI, финтех, киберқауіпсіздік және ақылды энергетика салаларындағы жобалар таныстырылды. Солардың бірі - Biometric Vision.  Отандық компания адамның бет-әлпетін танитын жүйелерді дамытып, қазір Малайзия, Мексика, Бразилия сияқты елдерде жұмыс істеп жатыр.

Әлібек Нарымбай, Biometric Vision негізін қалаушы:
Осы көрме бізге бізге өте көп мүмкіндік ашып жатыр. Басқа мемлекеттің компанияларымен танысып жатырмыз. Қазір жаңа меморандумға отырдық, бір үлкен компаниямен. 70-80 мемлекетте жұмыс істейтін компаниялармен келісім жаздық. Өзіміз 5-6 мемлекетте жұмыс іcтеп жатырмыз.


Бөлісу