Басты Жаңалықтар БҚО-да инвестициялық форум өтті

БҚО-да инвестициялық форум өтті

Батыс Қазақстан облысында 99 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. «Өсу капиталы: Аймақтың жаңа мүмкіндіктері» атты инвестициялық форум ірі кәсіпорын өкілдерімен қатар Қытай, Корея, Ресейден келген инвесторлардың басын қосты.

Мемлекет пен бизнесті біріктіретін маңызды алаңда көрме ашылды. Өнеркәсіп, энергетика, кен игеру, IT саласындағы тың жобалар таныстырылды. Соңғы үш жылда аймаққа 2,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Форум ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестік орнатуды, жаңа жұмыс орындарын ашу мен өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Тілеуберген Ғабдуллин, «Qazaq Kalium Ltd.» компаниясының бас экономисі:

«Сәтимола» кен орнының базасында калий тыңайтқышын өндіру жоспары жүріп жатыр. Бұл жоба Қазақстандағы тұңғыш өндіріс, бұған дейін елімізде калий өндіру болмаған. 6 млн калий тұзын өндіріп шығару керек. Бастапқы кезеңде 1,5 млн тонна шығарамыз.

Нұржан Өтепбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

2025 жылы облысымызға 874 млрд теңге тартылған еді. Бұл үлкен өсімді дәлелді. Сондықтан жалпы шетелдік инвесторлар, жергілікті инвесторлардың біздің облысымызға сенімі мол деп айтуға болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура органдары инвесторларға үш жылдан бері құқықтық қолдау білдіріп келеді. Күні бүгінге кедергіге тап болған 57 инвесторға нақты көмек көрсетіліп, 8 жаңа жоба іске қосылған. Мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалып, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

Артур Шохпанов, облыс прокурорының аға көмекшісі, топ жетекшісі:

Инвестор өз құқығын қорғау үшін мобильді қосымша арқылы прокурорға жүгіне алады. Прокурор инвестордың әрбір проблемалық сұрақтарын бір тәулік ішінде шешуге бағытталған тиісті шаралар қабылдайды. Жыл басынан бері 14 инвестициялық жобаның проблемалық сұрақтары прокуратураның араласуымен өз шешімін тапты.

Форум соңында қалдықтарды қайта өңдеу, логистика, энергетика, туризм, фармацевтика салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу туралы меморандумдарға қол қойылды.


Бөлісу