Басты Жаңалықтар Президент: Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, ЖИ-ден пайда жоқ

Президент: Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, ЖИ-ден пайда жоқ

Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев GITEX AI Kazakhstan форумы қарсаңында өткен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында осылай деді. Президенттің пайымынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет. Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған. Бірізділік жоқ. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Сондықтан Президент Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ішкі жалпы өнімге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз классикалық «Орта табыс дағдарысына» тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ.


Бөлісу