Басты Жаңалықтар Өзге ұлттың балалары қазақша үйреніп жүр

Өзге ұлттың балалары қазақша үйреніп жүр

Елімізде қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлттың балалары көбейіп келеді. Ақмола облысында да болашағын мемлекеттік тілмен байланыстыратындардың қарасы көп. Олардың дені осы күнде қазақ мектептерінде білім алып жүр.

2-сынып оқушысы Ольга Ващенконың  сәби кезінде-ақ тілі қазақша шыққан. Ата-анасы балақайдың «Balapan» телеарнасын сүйіп қарайтынын байқап, қазақ балабақшасына, кейін қазақ сыныбына берген. Еңбектері еш кетпеді. Ольга - озат оқушылардың бірі.

Ольга Ващенко, Көкшетаудағы №21 мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы:

Мен қазақша әнді жақсы көремін және домбыра үйірмесіне бардым. Мен үйде «Balapan» телеарнасын қараймын.

Хаджимурат Яндиевтің ұлты - ингуш. Ол қазақ достарының арқасында  мемлекеттік тілді тез үйреніп алған. Қазір орыс мектебінде оқығанмен, араласатын ортам қазақ, - дейді. Достарымен етене араласып, еркін сөйлеу үшін қазақ әдебиетін де оқып жүр.

Хаджимурат Яндиев, Көкшетаудағы №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

Басында үйрену қиын болды. Грамматикадан көп қиындықтар болды. Бірақ уақыт өте келе тілді үйрену және түсіну оңай болды. Әр азамат қазақ тілін білуі керек, бұл біздің ортақ міндетіміз.

Қазақ педагогикалық колледжінде оқитын Карина Егорова интернационал отбасынан шыққан. Десе де, қазақшаға судай.

Карина Егорова, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғарғы қазақ педагогикалық колледжінің студенті:

Әкем өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілінде еркін сөйлейді. Жалпы, үйде қазақ тілінде сөйлесеміз. 4 бауырым бар. Бәріміз қазақ тілінде сөйлейміз, қазақ тілінде оқимыз.

Қазақ педагогикалық колледжінің түлегі Анастасия Кравченко өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп жүр. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді үйрену үшін алдымен ауызекі сөйлеуге ерекше күш салу керек.

Анастасия Кравченко, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы:

Менің курсыма орыс тілді жас балалар да, үлкен кісілер де келеді. Тілге қызығушылықтары байқалады. Өйткені өзінің әріптестерімен диалог кезінде тіл өте қажет.

Бүгінде облыс бойынша өзге ұлыстың 740 оқушысы қазақ сыныптарында білім алып жүр. «Тілі бірдің – тілегі бір» демекші, бұл үрдіс ел бірлігін нығайта түседі,- дейді ұстаздар да.

Бөлісу