5100 түп ағаш көшеті отырғызылды
Алматы облысының Кеген ауданында 5100 түп ағаш көшеті отырғызылды. Экологиялық шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Парктер шеруі» табиғатты қорғау науқаны аясында ұйымдастырылды. Шараға ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар және парк мамандары қатысып, мыңға жуық адам жұмылды.
Көшет егілген 7 гектар аумақ толық қоршалған. Мұнда жергілікті климатқа бейімделген аққайың, қарағай, шырша және терек отырғызылды. Алдағы уақытта 2000 метрлік тамшылатып суару жүйесі тартылады. Мамандар көшеттерді екі жыл бойы күтіп-баптайды.
Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген ауданының әкімі:
Болашақта саябақ болып қана қалмайды. Жаяу жүретін, велодорожкаларды жобалап отырмыз. Көшенің жарық шамдарын қолға алып, осы жерге келген туристерге, ауданның тұрғындарының барлығы саябақта демалатындай бір орынға айналса екен деген мақсатта қолға алып жатырмыз.
Осылайша Кегеннің кіреберісі жасыл желекке оранбақ. Тұрғындардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың табиғатқа жанашырлығын арттырып, еңбекке баулиды.
Рахым Есімбаев, Кеген ауданының тұрғыны:
Халқымыздың дені сау болсын. Береке-бірлігі болсын. Ынтымақ болсын. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», - дейді. Ағаш егіп, көгалдандырып, Жеріміз көгеріп, көктеп тұрса қандай жақсы.
Ғалия Дарубаева, Кеген ауданының тұрғыны:
Ұрпағымыз осы біздің аталарымыз, апаларымыз отырғызған теректер деп ертең мақтанып жүрсін. Осы бақтың ішінде өсіп келе жатқан немере-шөберелеріміз қыдырып жүрсе оның өзі үлкен бақыт.
Өңірде жүн және тері өңдеу зауытын салып жатқан «MERGEN HOLDING» компаниясы да бастамаға қолдау көрсетті. Кәсіпорын 2 гектар жерге 2000 түп калифорния терегін егуді жоспарлап отыр. Биыл жалпы аудан көлемінде 15 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы